«Мұнда жол-көлік оқиғасы болды, адамдар көмек сұрап жатыр!» — осындай сөздермен Петропавл қаласындағы Назарбаев көшесінде орналасқан «Северный» дүкенінің маңындағы SOS батырмасын басқан егде жастағы ер адам полицияға хабарласқан. Жол-көлік оқиғасы 13 шілде күні түскі қарбалас уақытта болған. Екі автокөлік соқтығысып, адамдар зардап шеккенін естіген жүргінші дереу полиция шақырған. Ол үшін тіпті телефонды қолға алудың қажеті болмады: бейнекамерасы және полициямен тікелей байланыс арнасы бар қызыл түсті SOS батырмасы дәл маңайда орналасқан.
Облыс орталығында барлығы 20 SOS батырмасы орнатылған — теміржол вокзалының алаңында, базарлардың жанында және басқа да адам көп жиналатын орындарда. Жыл басынан бері қала тұрғындары оларды 7 рет пайдаланған. Екі жағдайда ақпарат расталмады, төрт факті бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды, ал жол-көлік оқиғасына қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Бұл жағдай заманауи байланыс құралдарының полиция көмегін барынша қолжетімді ете түсетінінің бірі ғана. 8 айда Солтүстік Қазақстан облысында түрлі мобильді қосымшалар арқылы 548 өтініш келіп түскен.
Солтүстікқазақстандықтар көбісе «102» омниканалды қосымшасы мен Egov.mobile-ды пайдаланады — олар арқылы тиісінше 206 және 199 өтініш келіп түскен. Қалған өтініштерді «Заң және тәртіп» сервисі арқылы жолдаған. Оны кез келген адам Kaspi және Halyk банк қосымшаларынан таба алады.
Көп жағдайда азаматтар мәтіндік форматты таңдаған, тек екі адам бейнеқоңырау шалған, бесеуі аудиоқоңырауды пайдаланған. 276 өтініштің, яғни жартысынан астамының, жол жүрісі қағидаларын бұзу және жол-көлік оқиғаларына қатысты болғаны анықталды. 23 өтініш бойынша ақпарат тексерілгеннен кейін қылмыстық істер қозғалды, оның біреуі есірткі таратумен байланысты.
Бүгінде тәртіп сақшыларымен кез келген адам байланыса алады. Ал, кейде ол үшін айналаға жай ғана көз салудың өзі жеткілікті — қажет батырма дәл жаныңызда болуы мүмкін.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-sko/press/news/details/1285278?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау