Темір аудандық мәслихаты аппаратының басшысы Қойшыбаев Жандәурен Баймағамбетұлы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының «Мемлекеттік басқару» білім беру бағдарламасы бойынша, Темір аудандық мәслихаты аппаратының бас маманы Оспанов Жанболат Бағдатұлы «Мемлекеттік сектордағы цифрлық талдау және жасанды интеллект» білім беру бағдарламасы бойынша мемлекеттік білім беру гранты негізінде оқуға түсті.
Бұл – мамандардың кәсіби әлеуетін арттырумен қатар, мемлекеттік басқару саласындағы заманауи тәсілдерді тәжірибеге енгізуге бағытталған маңызды қадам. Аталған білім беру бағдарламаларының мазмұны бүгінгі мемлекеттік басқару жүйесінің негізгі басымдықтарымен тікелей сабақтас. Бірі – мемлекеттік басқарудың заманауи тәсілдерін терең меңгеруге бағытталса, екіншісі – мемлекеттік секторда цифрлық талдау мен жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалануға қажетті құзыреттерді қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздің цифрлық трансформациясына ерекше мән беріп, жасанды интеллектіні мемлекеттік басқару жүйесіне кеңінен енгізудің маңызын атай отырып, Қазақстанды жаппай цифрлық елге айналдыру міндетін қойды. Осы стратегиялық міндеттерді жүзеге асыруда білікті, заманауи білімді мемлекеттік қызметшілерді, кадрларды даярлаудың иделогиясы мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртудың маңызды бағыттарының бірі болып табылады.
Осындай мүмкіндіктерге ие болған әріптестеріміздің оқу жылына сәттілік тілейміз! Академия қабырғасында алған білімдері мен жинаған тәжірибелерін ел игілігі жолында тиімді көрсетіп, ауданымыз бен еліміздің дамуына зор үлес қосады деп сенеміз!
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-temir/press/news/details/1284700?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау