Астанада «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтуға бағытталған профилактикалық кездесулер басталды. Алғашқы екі күнде елорданың 26 мектебінде өткен дәрістерге шамамен 7 мың оқушы қатысып, жасөспірімдерге құқық бұзушылық, буллинг, зорлық-зомбылық, есірткі және интернеттегі қауіп-қатерлердің алдын алу мәселелері түсіндірілді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
16 қыркүйекке дейін жоспарланған іс-шараларға 8-11 сынып оқушылары мен колледж студенттері қатысады. Алғашқы екі күннің өзінде профилактикалық дәрістер елорданың 26 мектебінде өтіп, шамамен 7 мың баланы қамтыды. Бұл бағыттағы ауқымды жұмыс алдағы уақытта да жалғасады.
Кездесулер барысында жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, зорлық-зомбылық пен буллингтің алдын алу, сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы топтық жанжалдарға жол бермеу мәселелері талқыланды.
Мамандар оқушыларға құқық бұзушылық жасағаны үшін көзделген жауапкершілік туралы түсіндіріп, заңсыз әрекеттердің салдарына тоқталды. Сонымен қатар жастарды «оңай ақша табу» ұсыныстарына тартудың қауіптілігі және есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың салдары түсіндірілді.
Профилактикалық кездесулерге прокуратура, полиция, экономикалық тергеп-тексеру департаменті, білім беру саласының мамандары мен психологтардан құралған ведомствоаралық мобильді топтар қатысуда.
Мамандар балаларға күнделікті өмірде және интернет кеңістігінде қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін түсіндірді. Әлеуметтік желілердегі қауіп-қатерлерге, кибербуллингке және бейтаныс адамдардың түрлі ұсыныстарына сақтықпен қараудың маңыздылығы айтылды.
Сондай-ақ кездесулер барысында құқық бұзушылық, буллинг және кибербуллингтің салдарын көрсететін тақырыптық бейнероликтер көрсетілді.
Мұндай профилактикалық жұмыстардың негізгі мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастыру, қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын дамыту және құқық бұзушылықтың алдын алу.
«Заң мен тәртіп» қағидатын қалыптастыру бағытындағы түсіндіру және профилактикалық іс-шаралар елорданың білім беру ұйымдарында белгіленген кестеге сәйкес жалғасын табады.
#законипорядок #заңментәртіп
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1285261?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау