Жамбыл облысында 2026 жылғы шомылу маусымы қорытындыланды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында 740 рейд өткізіліп, 98 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Жамбыл облысында 2026 жылғы шомылу маусымы барысында су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қайғылы жағдайлардың алдын алу бағытында ауқымды профилактикалық жұмыстар жүргізілді.

Шомылу маусымына дайындық жұмыстары жыл басынан басталып, 31 наурызда Жамбыл облысының Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссиясының отырысында арнайы мәселе қаралды. Облыс әкімінің орынбасары бекіткен шомылу кезеңіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес жауапты мемлекеттік органдарға тиісті міндеттер жүктелді.

Облыс әкімдігінің 2025 жылғы 30 қыркүйектегі №205 қаулысына сәйкес өңір аумағында азаматтардың шомылуына рұқсат етілген 12 орын белгіленді. Аталған орындардағы су айдындарының су асты бөліктері тексеріліп, тазарту жұмыстары жүргізілді. 1–5 маусым аралығында рұқсат етілген шомылу орындары арнайы комиссияның қатысуымен зерделеніп, нәтижелері бойынша тиісті актілер рәсімделді.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Төтенше жағдайлар және Полиция департаменттері, жергілікті атқарушы органдар мен волонтерлік ұйымдардың қатысуымен тұрақты рейдтік және түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды.

Шомылу маусымы кезінде облыс аумағында 6 стационарлық және 6 мобильді құтқару жасағы тәуліктік кезекшілік атқарды. Құтқару жұмыстарына 8 жүзу құралы, 8 бірлік арнайы техника және 21 құтқарушы тартылды. Сонымен қатар мобильді құтқару топтарының жұмысы жолға қойылып, су айдындарында жедел патрульдеу жүргізілді.

Құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында бірнеше азаматтың өміріне төнген қауіптің алдын алу мүмкін болды. Атап айтқанда, 10 маусымда Шу ауданындағы Тасөткел су қоймасында мобильді топ Қырғыз Республикасының азаматын құтқарды. Ал 14 маусымда Теріс-Ащыбұлақ су қоймасында 2005 жылы туған жергілікті тұрғынға көмек көрсетіліп, оның өмірі сақталды.

Судағы қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында шомылу орындарындағы құтқарушыларды даярлау жұмыстарына да ерекше көңіл бөлінді. Департамент тарапынан құтқарушыларға халыққа алғашқы медициналық көмек көрсету және судағы құтқару жұмыстарын жүргізу бойынша 40 сағаттық арнайы оқу курсы ұйымдастырылды. Бүгінде шомылу орындарының 13 құтқарушысы арнайы дайындықтан өтті.

Балалардың қауіпсіздігі де басты назарда болды. Шомылу маусымы басталғалы облыстағы 7 жазғы сауықтыру лагерінде кешенді профилактикалық іс-шаралар өткізіліп, 3 мыңға жуық бала қамтылды. Сонымен қатар жыл басынан бері жергілікті атқарушы органдар мен бизнес құрылымдардың қолдауымен 1 мыңға жуық бала жүзуге үйретілді.

Судағы қауіпсіздік талаптарын халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары бұқаралық ақпарат құралдарында да тұрақты жүргізілді. Теледидарда 33, радиода 61 сөз сөйлеу ұйымдастырылып, 12 брифинг өткізілді. Бұдан бөлек, баспа басылымдарында 87, әлеуметтік желілерде 437 материал жарияланды.

Шомылу маусымы басталғаннан бері Төтенше жағдайлар департаменті, Полиция департаменті және жергілікті атқарушы органдар бірлесіп 740 рейдтік іс-шара өткізді. Рейдтер барысында судағы қауіпсіздік талаптарын бұзған 98 азамат Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға жалпы сомасы 1 483 475 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Сонымен қатар азаматтардың қауіпті және шомылуға тыйым салынған учаскелерге баруының алдын алу үшін арнайы қоршаулар орнатылып, күзет және рейдтік жұмыстар ұйымдастырылды. Облыс аумағында шомылуға тыйым салынған орындарға 415 ескерту белгісі және 124 ақпараттық баннер қойылды.

Дегенмен жүргізіліп жатқан кешенді жұмыстарға қарамастан, судағы қауіпсіздік мәселесінде бірқатар өзекті проблема сақталуда. Олардың қатарында белгіленбеген орындарда шомылу, қауіпсіздік талаптарын елемеу және балаларды су айдындарының маңында ересектердің қарауынсыз қалдыру жағдайлары бар.

Осыған байланысты Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды су айдындарында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға, белгіленбеген орындарда шомылмауға және балаларды су маңында қараусыз қалдырмауға шақырады.

Судағы қауіпсіздік – әр азаматтың ортақ жауапкершілігі. Қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау адам өмірін сақтап қалудың ең тиімді жолы.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-shu/press/news/details/1284757?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version