Қазақстанда тұмау, ЖРВИ және COVID-19 инфекцияларының жаңа эпидемиялық маусымына дайындық жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Осы ретте Жетісу облысында тұмауға қарсы 80 мың доза вакцина сатып алынды. Өңірде 15 қыркүйектен бастап халықты иммундау науқаны ресми түрде басталады. Тұрғындар өздері тіркелген емханаларда ресейлік «Гриппол+» препаратын тегін ала алады. Вакцинациялау науқаны қараша айының соңына дейін жалғасады.
Екпе ең алдымен вирус жұқтыру қаупі жоғары азаматтарға салынады. Мұндай тәуекел тобына созылмалы ауруы бар адамдар, мектеп оқушылары, жүкті әйелдер, қарттар мен ерте жастағы балалар кіреді. Сонымен қатар жабық мекемелер мен арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарда тұратын азаматтар да міндетті түрде қамтылады.
Айта кетейік, өткен 2025-2026 жылдардың эпидемиялық маусымында Жетісу облысында ЖРВИ-дің 180 мыңға жуық жағдайы тіркелген болатын. Ал зертханалық сараптамалар нәтижесінде тұмаудың 220 жағдайы дәлелденсе, оның 219-ы H3N2 штаммына, 1-еуі В тұмауына тиесілі екені анықталды.
Қазіргі таңда жаңа эпидемиологиялық маусымға дайындық аясында кешенді бақылау жұмыстары қолға алынды. Өңірде 1 қыркүйектен бастап апта сайын, ал 1 қазаннан бастап күн сайын сырқаттанушылық деңгейіне мониторинг жүргізіледі. Оған қоса, 15 қыркүйектен бастап жас ерекшеліктері мен тәуекел топтарының санаттары бойынша халықты вакцинациялау барысы да күнделікті қадағалауда болады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dsek-zhetisu/press/news/details/1284747?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау