Жаңа оқу жылына орай Алматыда 8 жаңа жалпы білім беретін мектеп және қолданыстағы мектептердің қосымша корпустары ашылды. Жалпы 12 065 жаңа оқушы орны құрылды. Бұл туралы қала Білім басқармасында хабарлады.
Биыл Алматыда 32 922 бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Оның 30 046-сы мемлекеттік мектептерге, 2 876-сы жекеменшік мектептерге қабылданды.
Қазіргі таңда Алматыда 362 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді, онда шамамен 356 мың бала білім алуда. Өткен оқу жылымен салыстырғанда оқушылар саны шамамен 3%-ға өсті, ал мемлекеттік мектептер саны 10-ға артты.
Жаңа мектептер қосымша оқушы орындарына қажеттілігі жоғары аудандарда ашылды. Алатау ауданында 3 750 орынға арналған үш мектеп, Түрксіб ауданында 6 100 орынға арналған төрт мектеп, Жетісу ауданында 1 200 орынға арналған бір мектеп пайдалануға берілді. №112 және №16 мектептерде әрқайсысы 300 орындық қосымша корпустар ашылды.
«Келешек мектептері» жобасы аясында Алматыда жалпы сыйымдылығы 34 800 орын болатын 21 мектеп пайдалануға берілді.
Сонымен қатар қолданыстағы білім беру инфрақұрылымы жаңартылуда. №60, №160 және №124 мектептерді қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды, сондай-ақ №15 санаторлық мектеп-интернаты жөндеуден кейін қайта ашылды. 164 мектепте ағымдағы жөндеу жүргізілді. Мемлекеттік білім беру ұйымдарында химия, физика, биология, STEM және робототехника пәндері бойынша 1 130 заманауи кабинет жабдықталды.
Әлеуметтік қолдау шаралары да жалғасуда. «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік осал санаттағы 7 669 балаға мектеп формасы мен оқу құралдарын сатып алуға 60 мың теңгеден берілді. 133 мың бала тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілді.
Қаладағы барлық мектеп интернет желісіне қосылған. 235 мектепте талшықты-оптикалық байланыс желілері арқылы интернет жылдамдығы 100 Мбит/с құрайды.
Қауіпсіздік пен көлік қолжетімділігіне де ерекше назар аударылды. 202 мемлекеттік балабақша мен 235 мемлекеттік мектеп кешенді қауіпсіздік жүйелерімен толық жабдықталған. «Мектеп автобусы» жобасы аясында 60 мектептің 11 мыңнан астам оқушысы тасымалдаумен қамтылған, бұл үшін 250 автобус жұмылдырылды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-edu/press/news/details/1286121?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау