Ақтөбеде «Тұғырлы тіл. Зерделі ұлт. Өркениетті қоғам» атты облыстық семинар өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

 

Қазақстан халқы тілдері күніне орай ұйымдастырылған шараның негізгі өзегі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Оқитын ұлт» идеясы.

Семинар барысында мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейту, кітап оқу мәдениетін дамыту, тіл үйретудің жаңа мүмкіндіктері және жасанды интеллект дәуіріндегі қазақ тілінің әлеуеті сөз болды.

«Бүгінде қазақ тілінің қоғамдағы қолданысы артып, ауқымы кеңейіп келеді. Бұл — баршамызға ортақ қуаныш. Ендігі міндет — осы қарқынды сақтап, мемлекеттік тілдің күнделікті өмірдегі қолданысын одан әрі арттыру», — деді алқалы жиынды ашқан Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан.

Ал тіл үйретудің жаңа бағыттары туралы «Тілдерді оқыту орталығы» директоры Гүлсайран Төлегенова баяндады. Ол орталықта ұйымдастырылатын қазақ тілі курстарының жұмысына тоқталып, тіл үйренушілерге қолайлы жағдай жасау үшін заманауи цифрлық мүмкіндіктер пайдаланылып жатқанын айтты.

Орталықтың жаңа жобасының бірі — Telegram-бот жұмысы таныстырылды. Цифрлық құрал арқылы пайдаланушылар қазақ тілін өздігінен үйреніп, түрлі тапсырма орындап, оқу материалдарына қол жеткізе алады. Жобаның ерекшелігі — тіл үйрену үдерісін күнделікті қолданыстағы мессенджермен қолжетімді ету.

Гүлсайран Төлегенова сондай-ақ аталған қосымшаның халықаралық деңгейде жоғары бағаланғанын алға тартты. Оның сөзінше, жоба БҰҰ аясындағы бағалауда үздік үштікке енген қосымша ретінде танылған.

Басқосуда ақын Гүлімай Әбішқызы тіл мен әдебиеттің байланысы, кітап оқудың адамның ой-өрісін кеңейтудегі маңызы туралы сөз қозғады. Ал «Шаңырақ» кітап оқу клубының жетекшісі Гүлнұр Есенқұлова оқырман мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстарымен бөлісті.

Семинарда тіл білімі мен ғылымы саласында еңбек етіп жүрген азаматтардың жұмысы да назардан тыс қалмады. Бір топ маман облыс әкімінің Алғыс хаты, Ғылым және жоғары білім министрлігінің марапаттарына ие болды.

Сонымен қатар «Менің өлеңім, менің әлемім», «Ойдан туған оралым», «Болашақ ЖИ көзімен», «Тілдарын», «Тарих сөйлеген тағылымды өлке», «Мемлекеттік тіл жаршысы», «Үздік оқыту формуласы», «Үздік жарнама аудармашысы», «Қазақтілді цифрлық энциклопедияны толықтырушы», «Шұрайлы тілдің шырайы» номинациялары бойынша ұйымдастырылған байқаулардың жеңімпаздары марапатталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1285778?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version