Атырау облысында үш жаңа «Келешек мектебі» алғашқы оқушыларын қабылдады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Білім күні Атырау облысында «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында салынған үш жаңа білім ошағы пайдалануға берілді. Оның екеуі Құрманғазы ауданындағы Құрманғазы және Ақкөл ауылдарында, тағы бірі Жылыой ауданының Құлсары қаласында бой көтерген.

Құрманғазы және Ақкөл ауылдарындағы мектептер 600 оқушыға арналған. Ал, Құлсары қаласындағы жаңа білім ордасы бір ауысымда 1200 оқушыны қабылдай алады.

Құрманғазы мен Ақкөл ауылдарындағы мектептердің құрылысы 2023 жылы басталған. Бұған дейін аталған елді мекендердегі білім беру нысандарында оқушы саны жобалық қуатынан асып кеткен еді. Жаңа білім ордаларының  іске қосылуы мектептегі орын тапшылығын азайтып қана қоймай, ауыл балаларына заманауи талаптарға сай білім алуға кең мүмкіндік беріп отыр.

Жаңа білім ошақтарында заманауи оқу кабинеттері, STEM-зертханалар, робототехника және IT кабинеттері, шығармашылық шеберханалар, спорт залдары мен басқа да қажетті инфрақұрылым қарастырылған. Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қолайлы орта қалыптастырылып, оқушылардың қауіпсіздігіне ерекше мән берілген.

Құлсары қаласындағы мектеп те заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұнда оқушылардың ғылымға, технологияға және шығармашылыққа қызығушылығын арттыруға бағытталған кеңістіктермен қатар, сапалы білім алуға қажетті жағдай жасалған.

Өңірде тоғыз «Келешек мектебі» жұмыс істейді

Атырау облысында «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында барлығы тоғыз мектеп салу жоспарланған. Бүгінде олардың барлығы пайдалануға берілді. Алты мектеп Атырау қаласында, ал үш білім ошағы Құрманғазы және Жылыой аудандарында орналасқан.

Атырау қаласында бұған дейін пайдалануға берілген алты «Келешек мектебі» бүгінде оқушыларға білім беріп, толыққанды жұмыс істеп келеді. Жаңа форматтағы мектептер заманауи материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етіліп, балалардың сапалы білім алуына және жан-жақты дамуына жол ашып отыр. 

Ал биыл ашылған үш мектептің екеуінің ауылдық жерде орналасуының маңызы ерекше. Бұл – ауыл балаларының тұрғылықты жеріне қарамастан заманауи білім беру ортасына қол жеткізуіне мүмкіндік беретін маңызды қадам.

«Келешек мектебі» ұлттық жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылды. Жобаның негізгі мақсаты – оқушы орындарының тапшылығын азайту, білім беру инфрақұрылымын жаңғырту және балаларға қауіпсіз әрі заманауи білім беру ортасын қалыптастыру.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau-bilim/press/news/details/1285754?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version