Бүгін аудан әкімдігінде аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиевтің төрағалығымен аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Жиынға ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім басшылары және комиссия мүшелері қатысты.
Комиссия отырысында аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу және алдағы қысқы кезеңге дайындық мәселелері қаралды.
Алдымен 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. Бұл бағытта аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Мэлс Искаков баяндама жасады.
– Ауданда жылыту маусымы кезеңіндегі төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі іс-шаралар жоспары қыркүйек айында әзірленіп, аудан әкімімен бекітіледі. Жоспарда белгіленген іс-шаралар жауапты мекемелермен бекітілген мерзімдерге сәйкес жүзеге асырылады.
2025-2026 жылдардағы жылыту маусымында аудан аумағындағы тұрғын үй секторында 3 өрт оқиғасы тіркелді. Бұл өткен жылғы жылыту кезеңімен салыстырғанда 1 өртке артық.
Жылыту маусымына дайындық және оның өту кезеңінде аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, жергілікті атқарушы органдар және «QazaqGazAimaq» АҚ БҚО филиалының Сырым газ шаруашылығымен бірлесіп тұрғын үй секторында профилактикалық рейдтер ұйымдастырып, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ қыркүйек айынан бастап ауылдық округтерде жоспарға сәйкес тұрғын үйлердің өрт қауіпсіздігі жағдайына зерделеу жұмыстары жүргізіледі, – деді Мэлс Искаков.
Отырыста қысқы кезеңде автомобиль жолдарының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, коммуналдық қызметтердің тұрақты жұмысын ұйымдастыру, тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының дайындығы, қажетті арнайы техникалар мен материалдық қорды жасақтау мәселелері де қаралды. Электр және газ жүйелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ көктемгі су тасқынына қарсы іс-шаралардың жүргізілу барысы талқыланды. Аққозы, Қаратөбе, Қоскөл және Сулыкөл ауылдық округтерінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берілді. Су өткізу арналары мен арықтарды тазалау, су басу қаупі бар аумақтарды бақылауда ұстау және қажетті техникаларды алдын ала әзірлеу мәселелері пысықталды.
Комиссия отырысында суға шомылу маусымының қорытындысы және 2026-2027 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңде су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі де қаралды. Тұрғындар арасында қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жалғастыру қажеттігі айтылды.
Бұдан бөлек, балалардың терезеден құлау жағдайларының алдын алу мәселесіне назар аударылды. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ата-аналармен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын күшейту және жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша тиісті шараларды тұрақты жүргізу қажеттігі атап өтілді.
Жиын соңында аудан әкімі Қадыржан Орынбасарұлы күн тәртібіндегі мәселелер бойынша жауапты мекемелер мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар беріп, белгіленген жұмыстардың уақытылы әрі сапалы орындалуын бақылауға алуды тапсырды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-karatobe/press/news/details/1285717?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау