Денсаулық сақтау министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, көлік құралын қауіпсіз басқару мақсатында жүргізушілердегі медициналық қарсы көрсетілімдерді анықтау жұмыстарын жүргізуде.
Бүгінгі таңда көлік құралын басқаруға медициналық қарсы көрсетілімдері бар екендігі туралы мәліметтері анықталған 21 мыңнан астам жүргізуші тіркелді. Сонымен қатар, 2 246 адам әртүрлі негіздер бойынша диспансерлік есептен шығарылды.
13 мыңнан астам адамға қатысты аумақтық полиция департаменттері сотқа талап-арыздар жіберді. Заңды күшіне енген сот шешімдерінің негізінде 7,4 мың жүргізуші куәлігінің күші тоқтатылды.
Шектеу тек медициналық қарсы көрсетілімдер анықталған жағдайда, яғни адамның денсаулық жағдайы көлік құралын қауіпсіз басқаруға әсер етуі мүмкін болған кезде ғана қолданылуы мүмкін. Көлік құралын басқару құқығын тоқтату туралы түпкілікті шешімді сот қабылдайды.
Көлік құралын басқаруға арналған медициналық қарсы көрсетілімдердің тізбесі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің №853 бұйрығымен бекітілген.
Абсолюттік қарсы көрсетілімдерге адамға медициналық себептер бойынша көлік құралын қауіпсіз басқаруға мүмкіндік бермейтін аурулар мен жағдайлар жатады. Олардың қатарында эпилепсия, екі көздің көрмеуі, кейбір ауыр психикалық бұзылыстар, сондай-ақ психоактивті заттарды қолдануға байланысты белгілі бір психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстар бар.
Бұл ретте кез келген диагноз туралы сөз болып отырған жоқ. Мысалы, көру, есту немесе тірек-қимыл аппаратының жекелеген бұзылыстары кезінде белгілі бір медициналық талаптарды сақтау немесе арнайы құралдарды пайдалану жағдайында көлік құралын басқаруға рұқсат етіледі.
Оларға көзілдірік пен байланыс линзалары, есту аппараты, қолмен басқару құрылғылары және басқа да бейімдеу құралдары жатады.
Егер жүргізушіден медициналық қарсы көрсетілімдер анықталып, заңнамада көзделген негіздер болса, тиісті ақпарат ішкі істер органдарына беріледі. Одан әрі негіздер болған жағдайда полиция сотқа жүгінеді.
Осылайша, жүргізуші куәлігінің күші диагноздың болуына байланысты автоматты түрде тоқтатылмайды – түпкілікті шешім заңнамада белгіленген тәртіппен қабылданады.
Жүргізушілерге қойылатын медициналық талаптар ең алдымен жолдардағы қауіп-қатерлерді азайтуға және жүргізушілердің, жолаушылардың әрі жол қозғалысының басқа қатысушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dsm/press/news/details/1285840?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау