Жаңа оқу жылы басталысымен еліміздің барлық өңірлеріндегі білім беру ұйымдарында Қорғаныс министрлігінің бастамасымен «Ерлік сабақтары» өтеді.
Әскери қызметшілер мен Қарулы күштердің ардагерлері оқушыларды әскери қызметтің ерекшеліктерімен таныстырып, ерлігі, табандылығы мен әскери борышына адалдығы бірнеше буынға үлгі болған батырлар жайында әңгімелеп береді. Әскердегі тәжірибелерін де айтып, мектеп оқушыларының сұрақтарына жауап береді.
Астанадағы №107 жалпы білім беретін мектепте 9, 10 және 11-сынып оқушыларымен қорғаныс істері департаментінің өкілдері, Қарулы күштердің ардагерлері және «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының елордалық филиалының басшысы кездесті.
Іс-шара барысында «Қарулы күштердің ардагерлері» РҚБ ұйымы төрағасының орынбасары генерал-майор Марат Нағұманов оқушыларға ел тарихын құрметтеудің, әскери борышты абыроймен атқарудың және Отанға адал қызмет етудің маңыздылығына тоқталды.
Оқушыларға ел тарихындағы ерлікке толы оқиғалар, жауынгерлік дәстүрлер және Қарулы күштердің еліміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз етудегі рөлі туралы бейнематериалдар көрсетілді. Мектеп оқушылары әскери қызметке, әскери оқу орындарына түсу талаптары мен шарттарына қатысты сұрақтар қойып, өздерін қызықтырған мәселелер бойынша жауап алды.
– Оқушылардың бойына мектеп қабырғасынан бастап Отанға деген сүйіспеншілік, елге қызмет етуге ұмтылыс, жауапкершілік пен отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру – ортақ міндетіміз. Бүгінгі «Ерлік сабағы» оқушыларға осы құндылықтарды тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Ел қорғаушылардың ерлік үлгілерін білу және олардың өмір жолынан тағылым алу жастардың бойында жақсы қасиеттердің қалыптасуына ықпал етеді, – деп мұндай кездесулердің оқушылардың бойында патриоттық құндылықтарды қалыптастырудағы маңызын атап өтті мектеп директоры Айгүл Бисенбина.
Шара соңында XII Халықаралық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынына белсенді қатысқан мектеп оқушылары Бейбарыс Ерғазыұлы мен Аяжан Тоқтарова Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаменті бастығының атынан алғыс хаттармен марапатталды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1285719?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау