ИДЕЯДАН ӨНІМГЕ ДЕЙІН: ШЫМКЕНТТЕ STARTUP ORDA-2026 БАСТАЛДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Шымкентте IT саласында өз жобасын дамытқысы келетін жастар мен стартап командаларына арналған Startup Orda-2026 инкубациялық бағдарламасы басталды. Astana Hubпен бірлесіп, ұйымдастыратын жоба өңірдегі технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға, тың идеяларды нақты өнімге айналдыруға және жас стартаптардың нарыққа шығуына мүмкіндік береді.

Бағдарламаның алғашқы ресми ашылуы Opening Day «Этноауыл» мәдени-тарихи орталығында өтті. Оған жобаға өтінім берген 150 стартаперлер бағдарлама командасымен, трекерлерімен және алдағы оқу кезеңдерімен танысты.

Іс-шараның негізгі мақсаты қатысушыларға инкубацияның құрылымы мен жұмыс тәртібін түсіндіріп қана қоймай, стартапты дамытудағы алғашқы қадамдарды нақты жоспарлау. Қатысушыларға стартап құрудың негізгі кезеңдері, бағдарлама ережелері, алдағы міндеттер мен мүмкіндіктер таныстырылды. Сонымен қатар нөлден басталған жобалардың мысалдары көрсетіліп, әзірге нақты идеясы қалыптаспаған қатысушылардың да бағдарлама арқылы өз бағытын табуына мүмкіндік бар екені айтылды.

Startup Orda-2026 бағдарламасы 4 апталық буткемптен басталады. Осы кезеңде барлық командалар мастер-кластар мен воркшоптарға қатысып, өз идеяларын нақтылауға, гипотезаларын тексеруге және жобаның бизнес-моделін қалыптастыруға жұмыс істейді.

Осылайша үш айлық бағдарлама идеядан бастап алғашқы жұмыс істейтін өнімге дейінгі процесті қамтиды. Бағдарламаның соңғы кезеңі Demo Day. Бұл күні командалар өз жобаларын сарапшыларға, қонақтар мен серіктестерге таныстырады.

Қатысушылар тек білім алып қана қоймай, стартапты дамытуға қажетті практикалық дағдыларды меңгереді. Бағдарлама аясында заманауи әзірлеу құралдары, соның ішінде Vibe Coding, жобаны талдау, гипотезаларды тексеру, өнімді жетілдіру және нарыққа шығару тәсілдері қарастырылады.

Startup Orda-ның Шымкенттегі бұған дейінгі легіне 50-ден астам өтінім түсіп, соңына дейін 20 қатысушы жеткен. Қорытынды Demo Day барысында олардың барлығы өздерінің MVP жобаларын таныстырды.

Шымкент қаласы цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемелов Opening Day барысында стартап иелеріне сәттілік тілеп, өткен жылғы жобалардың нәтижесіне тоқталды.

Бүгінде түлектердің бірқатары алғашқы сатылымдарын жасап үлгерген. Кейбір жобалар технологиялық іс-шараларға қатысып, өнімдерін жетілдірумен қатар, басқа нарықтарға шығу мүмкіндіктерін қарастыруда. Олардың қатарында Odos AI, Pulse AI, valik.kz секілді жобалар бар.

Сол жобалардың бірі жасанды интеллект технологиясын пайдаланып, тірек-қимыл аппараты бұзылған балалардың қозғалыс белсенділігін қалпына келтіруге көмектесетін медициналық экзоскелет әзірлеген. Қазір команда технологияны медицина саласына енгізу бағытындағы жұмысын жалғастырып жатыр екен.

«Қала саясатына сәйкес келетін жобаларды алдымен Шымкентте пилоттық режимде сынап көруге, кейін оларды нарыққа шығаруға мүмкіндік береміз» деді Мұхит Кемелов.

Бұл ретте әкімдік пен ориалық арасындағы байланыс стартаптар үшін маңызды мүмкіндік болып отыр. Себебі жас әзірлеушілер өз өнімін тек теория жүзінде дамытып қоймай, оны нақты ортада сынақтан өткізе алады.

Astana Hub бас менеджері Нұргүл Жұмадиеваның айтуынша, Startup Orda өңірлердегі IT жобаларды қолдауға бағытталған жоба.

-Бұл жоба өңірлерге арналған. Шымкент топ бастап тұр, мұнда қатысушылар өте көп. Біз оларды үнемі қолдап, онлайн нұсқамалар мен сабақтар өткізіп отырамыз, — дейді Нұргүл Жұмадиева.

Бағдарламаға 16 жастан асқан кез келген адам болашақ стартап идеясы болса, жобаға қатыса алады. Ал алғашқы өнімін жасап қойған командалар оны одан әрі жетілдіріп, нарыққа шығаруға бағытталған қолдау ала алады.

Startup Orda-ның негізгі құндылығы да осында, идеяны жай ғана таныстыру емес, оны тексеру, жетілдіру, алғашқы өнімге айналдыру және нарыққа бейімдеу.

Бағдарлама соңында қатысушылар Startup Orda сертификатына ие болады. Үздік командалар Astana Hub Demo Day-де жобаларын таныстырып, жүлде қоры үшін бақ сынай алады. Жеңімпаздарға халықаралық бағдарламаларға қатысуға және Astana Hub-тың шетелдегі серіктес хабтарымен тәжірибе алмасуға мүмкіндік қарастырылған.

Opening Day барысында қатысушыларға алдағы воркшоптардың кестесі, алғашқы тапсырмалар мен ұйымдастырушылық талаптар түсіндірілді. Astana Hub жүйесінде жұмыс істеу, қажетті келісімдер мен NDA құжаттарына қол қою, іс-шараларға тіркелу, Google күнтізбесі мен Telegram-ботты байланыстыру тәртібі де көрсетілді. Кездесу сұрақ-жауап және нетворкинг алаңымен жалғасты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-ishki-sayasat/press/news/details/1285990?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version