Көкшетауда кезектен тыс XXXII сессиясы өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Көкшетау қаласында Ақмола облыстық мәслихатының VIII шақырылымының кезектен тыс XXXII сессиясы өтті. Сессияға облыстық мәслихат төрағасы Бейбіт Жүсіпов төрағалық етті. Жиынға мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдар мен облыстың салалық басқармаларының өкілдері қатысты.

Сессия барысында депутаттар инфрақұрылымды дамытуға, халықты әлеуметтік қолдауға және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға қатысты бірқатар мәселелерді қарады.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – Ақмола облысы бойынша «толық бітіріп берілетін» («под ключ») нысандарының тізбесіне толықтырулар енгізу болды. Бұл мәселе бойынша құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Байқуанышев баяндама жасады.

Бұған дейін бекітілген тізбеге жалпы болжамды құны 398 млрд теңге болатын 47 жобаны қосу ұсынылды. Олардың қатарында негізінен бірегей сәулеттік нысандар, сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында іске асырылатын жобалар бар. EPC-келісімшарты форматы жобалаудан бастап құрылыс пен қажетті жабдықтарды жеткізуге дейінгі жұмыстардың толық кешенін бір мердігердің орындауын көздейді.

Әлеуметтік саясат мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Депутаттар ауылдық жерлерде жұмыс істейтін денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария салаларындағы мамандар лауазымдарының тізбесіне өзгерістер енгізуді қолдады. Тізбені жаңарту азаматтық қызметшілерді әлеуметтік қолдауды күшейтуге, ауылда жұмыс істеудің тартымдылығын арттыруға және ауылдық аумақтардағы кадрлық әлеуетті сақтауға бағытталған.

Сонымен қатар депутаттар облыстың жекелеген санаттағы азаматтарына амбулаториялық ем алу кезінде дәрілік заттарды, арнайы емдік өнімдер мен медициналық бұйымдарды қоса алғанда, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қосымша ұсынуды көздейтін өзгерістерді қарады. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермектің айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер қаржыландырудың қайталануын болдырмауға және пациенттерді қажетті дәрі-дәрмектермен тиісті қаржы көздері есебінен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі – «Ақмола облысының (қаласының, ауданының) Құрметті азаматы» атағын беру қағидаларын бекіту болды. Жаңа қағидалар өңірлік заңнаманы үлгілік қағидаларға сәйкестендіріп, құрметті атақты беру тәртібін нақты әрі ашық етуге бағытталған. Атап айтқанда, өңірдегі еңбек қызметінің кемінде 10 жыл болуы талабы белгіленді. Сондай-ақ ел мүддесін қорғау немесе адам өмірін құтқару кезінде ерлік пен батылдық көрсеткен азаматтарға атақты қайтыс болғаннан кейін беру мүмкіндігі қарастырылған.

Бұдан бөлек, депутаттар Ақмола облысының ресми нышанын бекітті. Жаңа нышан өңірдің бірыңғай визуалды бейнесін қалыптастыруға бағытталып, ресми, презентациялық және ақпараттық материалдарда пайдаланылатын болады.

Сессия барысында облыстық мәслихат төрағасы Бейбіт Жүсіпов 2026 жылға арналған мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесіне аудиторлық іс-шараны енгізуді ұсынды.

Талқылау барысында депутаттар ауылдық жерлерде тұрғын үй салу, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы мектеп ашу, сондай-ақ Қорғалжын ауданындағы мектептердің жағдайы мәселелерін көтерді. Сонымен қатар қазіргі таңда жаңа мектептердің негізінен қалалар мен қала маңындағы аудандарда салынып жатқанына назар аударылды.

Күн тәртібіндегі барлық мәселелерді қарау қорытындысы бойынша депутаттар тиісті шешімдер қабылдады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslikhat-aqmola/press/news/details/1286094?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version