Вена, 2026 жылғы 3 қыркүйек – Қазақстан Республикасының делегациясы 2026 жылғы 31 тамыз – 4 қыркүйек аралығында Вена халықаралық орталығында өтіп жатқан БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясының жүзеге асырылуын шолу тобының қайта жалғасқан он жетінші сессиясының бірінші бөлігіне қатысты.
Сессия барысында мемлекеттер Конвенцияның жүзеге асырылуын шолу тетігінің екінші кезеңіне дайындық, елдерге шолу жүргізу рәсімін жетілдіру, ақпараттық-технологиялық шешімдерді қолдану, сондай-ақ қатысушы мемлекеттерге техникалық көмек көрсету мәселелерін қарастырды.
Конвенцияның жүзеге асырылуын талқылау шеңберінде сөз сөйлеген қазақстандық делегацияның басшысы оның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы негізгі әмбебап халықаралық-құқықтық құрал ретіндегі маңызын атап өтіп, Шолу тетігінің екінші кезеңінің басталуын құптады.
Қатысушыларға Қазақстанда жүргізіліп жатқан институционалдық және заңнамалық өзгерістер, оның ішінде Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қосу арқылы қайта ұйымдастыру және Комитеттің ведомствосы ретінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметін құру туралы ақпарат берілді. Сондай-ақ пара беруге уәде беру, пара ұсыну және пара талап ету үшін жауаптылық енгізу, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары субъектілерінің аясын кеңейту және заңды тұлғалардың жауаптылығын күшейту жөніндегі шаралар атап өтілді.
Қазақстан делегациясы өзара құқықтық көмек көрсету, ақпарат алмасу, активтерді іздестіру және қайтару, экстрадициялау және бірлескен тергеулер жүргізу мәселелеріндегі халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. Қазақстан сындарлы өзара іс-қимылға және БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясының ережелерін іс жүзінде жүзеге асыруға бейілділігін растады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-vienna/press/news/details/1286285?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау