Семейде «38. Соңғы нүкте» фильмінің премьерасы өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Семейде «38. Соңғы нүкте» толықметражды отандық драма-катастрофасының премьералық көрсетілімі өтті. «Семей орманы» табиғи орман резерватында болған ауқымды өрт оқиғасын арқау еткен фильмнің тұсаукесер шарасына облыс әкімі Берік Уәли қатысты.

«38. Соңғы нүкте» – қазақстандық кинематографиядағы драма мен апат жанрын ұштастырған туынды. Фильмнің авторлары отандық көрерменге жақсы таныс оқиғаны үлкен экран арқылы жаңаша ұсынған.

Ақпарат және мәдениет министрлігі мен ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының тапсырысымен, Абай облысы әкімдігінің қолдауымен түсірілген

картинада ел тарихындағы күрделі кезеңдердің бірі көркем тілмен баяндалады. «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты – еліміздің табиғи байлығы ғана емес, халық жадында ерекше орны бар құндылық. Сондықтан фильм көрерменге сол оқиғаның ауқымы мен адам тағдырына әсерін жеткізуді мақсат етеді.

Фильмнің идея авторы әрі кеңесшісі – облыс әкімі Берік Уәли. Фильмде Асан Мәжит, Арман Уахитов, Алтынай Нөгербек, Төлепберген Байсақалов, Алмат Сақатов, Алтыншаш Шаяхмет, Нұркен Өтеуіл, Мақсат Сәбитов, Дәркен Есімбеков және Асылбек Әйтіш сынды танымал өнерпаздар басты және қосалқы рөлдерді сомдайды.

Премьераға жиналғандар өрт кезінде ерлікпен қаза тапқан азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Фильмнің тұсаукесер шарасында сөз сөйлеген облыс әкімі шығармашылық топқа сәттілік тілеп, туындының ел тарихындағы маңызды оқиғаны кейінгі ұрпаққа жеткізудегі мәніне тоқталды.

«Абай өңірінің ғана емес, тұтас еліміздің есінде қасіретті естелік болып қалған 2023 жылғы орман өрті баршаларыңыздың жадыңызда екені белгілі. Осы алапат апат кезінде тілсіз жаумен арпалысқан өрт сөндірушілердің ерен ерлігі мен өңір халқының көмекке ұмтылған жанкешті пейілі халқымыздың биік адамгершілік қасиеті мен азаматтарымыздың, сала мамандарының өз ісіне адалдығын, отан үшін отқа түсуден тайынбайтын ерлік рухын айқын көрсетті. Біз алапат өрт толық сөндірілгенге дейін 35 күн бойы арпалысқан қызметкерлердің қайсарлығына басымызды иеміз. Тілсіз жаумен арпалыс кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өңірге арнайы келіп, 12 маусымды елімізде жалпы ұлттық аза тұту күні етіп жариялады. Қиын сәтте халықтың жанында болып, қамқорлығын көрсетті. Осы ауқымды өрт кезінде жанын аямай арпалысқа түскен, өмірімен қоштасқан азаматтарды жадымызда мәңгі сақтау біздің олардың алдындағы парызымыз деп білеміз. Сондықтан бүгін өздеріңізге алғаш рет көрсетілгелі отырған «38. Соңғы нүкте» фильмі түсірілді. Фильм өте әсерлі, сәтті шыққан. Фильмді түсіру барысында киноға қойылатын барлық талаптар жан-жақты ескерілген. Бұл туындының жеңіл әрі арзан күлкіге құрылған фильм еместігіне өздеріңіз де куә болдыңыздар. Сондықтан бұл фильмнің ғұмыры ұзақ, қазақ киносының алтын қорынан орын алатын туынды болсын деген тілек айтамыз. Осы фильмді көрген әрбір көрермен орманды аялайды, қорғайды деп ойлаймыз. Өзіміз басы-қасында болған көркем туындыда идеямызды соны көркемдік үлгі, терең режиссерлік шешіммен орындап шыққан шығармашылық ұжымға, фильмнің идея авторларының бірі Мақсат Жұмахановқа, сценарий авторы, бас продюсер Нұржігіт Хайдарға, режиссер Төребек Бейсебаевқа, қоюшы оператор Асылхан Мелдебековке, барлық актерлік құрамға шынайы алғысымызды білдіреміз», – деді Берік Уәли.

Айта кетейік, «38. Соңғы нүкте» фильмі 3 қыркүйектен бастап еліміздің кинотеатрларында көрсетілетін болады.

 

 

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1285494?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version