ШҚО әкімі Ұлан ауданының тұрғындарына 2026-2030 жылдарға арналған даму жоспары туралы айтты

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Облыс әкімінің айтуынша, алдағы кезеңдегі аудан дамуының негізін ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, шағын және орта бизнес пен жоғары туристік әлеует құрайды.

«Қазіргі таңда Ұлан ауданында туристерді орналастыратын 25 нысан тіркелген. Былтыр ауданға 14,5 мыңға жуық турист келген. Туристік инфрақұрылым жүйелі түрде дамып, жаңартылып келеді. Жаз мезгілінде Шалқар көлінде жағажай жұмыс істейді. Биыл демалушыларға жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау мақсатында жағажай аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Ал облыстық бюджет қаражаты есебінен Донское ауылының маңында «Жасыл аймақ» экопаркін құру жобасы жүзеге асырылуда. Осы мақсатта аумағы 20 гектар жер учаскесі бөлінді», – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Сондай-ақ облыс әкімі Алмасай ауылында қазақтың салт-дәстүрі мен ұлттық мәдениетін, табиғат аясындағы демалысты үйлестіретін «Тұлпар» этноауылы құрылып жатқанын атап өтті.

ШҚО әкімі туристік аймақтар мен жағажайларды кешенді абаттандыру жұмыстарын жалғастыруды, туристік инфрақұрылымды дамытуға инвестиция тарту және жаңа туристік өнімдер қалыптастыру бағытындағы жұмысты жандандыруды маңызды міндеттердің бірі ретінде атап өтті. Бұл бағытқа Ұлан ауданының әкімі мен облыстың туризм және инвестициялар басқармасы жауапты.

Ұлан ауданындағы жолдардың жалпы ұзындығы 700 шақырымды құрайды. Биыл оның 121,4 шақырымында автомобиль жолдары мен көшелерге орташа жөндеу жүргізілуде.

Аудандағы 45 елді мекеннің 39-ы интернетпен қамтылған. Бұл аудан халқының 98 пайызына тең. Лицензиялық міндеттемелерді орындау аясында «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС келесі жылдың соңына дейін Алғабас ауылына интернет тартуды жоспарлап отыр. Қалған бес елді мекенді интернетке қосу үшін баламалы нұсқалар қарастырылуда. Оның ішінде спутниктік технологиялар мен жергілікті желілік шешімдерді пайдалану мүмкіндігі де бар.

Ауданда балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейі 99,5 пайызға жуық. Сонымен қатар 2-3 жас аралығындағы 78 бала кезекте тұр. Сондықтан қосымша орындар ашу бойынша жұмысты жалғастыру қажет.

Өткен жылы Жанұзақ ауылындағы негізгі мектепте оффтейк-келісімшарт аясында спорттық модуль салынды. Тағы бір маңызды мәселе – педагог кадрлармен қамтамасыз ету. Қазіргі таңда ауданға 22 мұғалім жетіспейді. Дегенмен 8 жас маман ауданға жұмысқа тартылды.

Нұрымбет Сақтағанов білім беру ұйымдарында 2-3 жас аралығындағы балаларға арналған қосымша орындар ашу және педагог кадрлар тапшылығын азайту бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.

Аудан тұрғындарына медициналық көмекті 33 денсаулық сақтау ұйымы көрсетеді. Жыл басынан бері қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім 49 пайызға, қатерлі ісік ауруларына шалдығу деңгейі 3,5 пайызға, ал туберкулезбен сырқаттану көрсеткіші 60 пайызға төмендеген. Аудандағы медициналық ұйымдар медициналық жабдықтармен 85 пайыз қамтамасыз етілген.

ШҚО әкімі Ұлан ауданында 31 мәдениет және 226 спорт нысаны бар екенін айтты. Өткен жылы Таврия ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Биыл Бозанбай ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталуға жақын.

Сонымен қатар «Багратион» шаруа қожалығының демеушілік қаражаты есебінен Привольное ауылындағы спорт кешеніне күрделі жөндеу жүргізілуде.

(Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1286128?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version