ШҚО-да 139 мыңнан астам азамат дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша диспансерлік есепте тұр

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Шығыс Қазақстан облысында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша диспансерлік есепте 139 540 адам тұр. Оның 134 053-і дәрілік заттарды рецепт бойынша алады.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айнаш Құматаева мәлімдеді.

Тегін және жеңілдікті амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы № ҚР ДСМ-75 бұйрығымен бекітілген тізбеге сәйкес жүргізіледі.

Пациенттер қажетті дәрілік заттарды өздері тіркелген медициналық ұйымдардың жанындағы дәріхана пункттерінен алады. Препараттар медициналық қызметкер рәсімдеген рецепт негізінде беріледі.

Қолданыстағы тәртіп бойынша рецепт электронды түрде рәсімделеді. Мұндай жағдайда дәрі-дәрмекті «eGov Mobile» қосымшасындағы «Әлеуметтік әмиян» сервисі арқылы QR-код көмегімен алуға болады. Электронды форматта рәсімдеу мүмкін болмаған жағдайда рецепт қағаз түрінде беріледі.

Дәрі-дәрмек алу үшін жарамды электронды немесе қағаз рецепт пен жеке басын куәландыратын құжат қажет. Балаға тағайындалған препаратты оның ата-анасы немесе заңды өкілі ала алады. Денсаулық жағдайына немесе жасына байланысты дәрі-дәрмекті өз бетінше ала алмайтын азаматтар үшін де оны заңды өкіл арқылы алу мүмкіндігі қарастырылған.

«eGov Mobile» қосымшасына немесе QR-кодқа қолжетімділіктің болмауы дәрілік затты беруден бас тартуға негіз болмайды.

Қазіргі уақытта облыста 28 дәріхана жұмыс істейді. Оның 16-сы қалаларда, 12-сі аудандарда орналасқан.

Бекітілген тізбеге енгізілмеген препараттармен қамтамасыз ету мәселесі медициналық көрсетілімдер мен жергілікті бюджеттің мүмкіндіктері ескеріле отырып, жергілікті атқарушы орган деңгейінде қаралуы мүмкін. Мұндай дәрілік затты дәрігер пациенттің диагнозына, медициналық көрсетілімдеріне және емдеудің клиникалық хаттамасына сәйкес тағайындайды.

2026 жылғы 19 мамырдан бастап медициналық ұйымдар Еhealth жүйесінде ШҚО тұрғындарын тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қажеттілік бойынша өтінімдерді қалыптастыруға кірісті. 31 мамырда 2027 жылға арналған дәрілік заттарға жекелендірілген қажеттілікті жинау аяқталды. Бұл жұмысқа облыстағы 27 медициналық ұйым қатысты.

Дәрілік заттарды орталықтандырылған сатып алу және медициналық ұйымдарға жеткізу жұмыстарын «СК-Фармация» бірыңғай дистрибьюторы белгіленген тәртіп пен жеткізу кестесіне сәйкес жүзеге асырады.

Шығыс Қазақстан облысында дәрілік заттардың белгіленген шекті бағадан қымбат сатылмауына тұрақты бақылау жүргізіліп келеді.  Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі  алаңында өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің ШҚО бойынша департаментінің бөлім  басшысы Мақпал Рахимжанова айтты.

Оның сөзінше, Комитеттің тапсырмасы мен ресми хаттарына сәйкес, өңірде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды көтерме және бөлшек саудада өткізетін субъектілерден баға туралы мәлімет жиналады. Соған сәйкес, ақпарат сараланып, Комитетке жолданады.

Комитеттің ресми дерегіне сүйенсек, шілде айында республика бойынша 2 555 дәрілік заттың бағасына мониторинг жүргізілген. Нәтижесінде 589 препараттың бөлшек сауда бағасы төмендеген. 47 препараттың бағасы 20%-дан астам, 198 дәрілік заттың бағасы 10–20%, тағы 244 препараттың бағасы 5–10% аралығында төмендеген.

Дәрі-дәрмек бағасын бақылау нақты уақыт режимінде жүргізіледі. Таңбалау және қадағалау жүйесі арқылы препараттардың қозғалысы мен дәріханалардағы нақты сатылым бағасы қадағаланып, белгіленген шекті бағамен салыстырылады.

Тұрғындар да дәрі-дәрмектің бағасын өздері тексере алады. «Naqty Onim» мобильді қосымшасы арқылы препараттың өндірушісі, дистрибьюторы, сатылатын дәріхана және белгіленген шекті бөлшек сауда бағасы туралы мәлімет алуға болады.

Қолданыстағы талаптарға сәйкес 2 055 дәрілік заттың атауына мемлекеттік баға реттеуі қолданылады. Бақылауда әлеуметтік маңызы бар және тұрғындар арасында сұранысы жоғары дәрілік препараттарға басымдық берілген.

Бұдан бөлек, азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштері негізінде дәрі-дәрмектің белгіленген шекті бағадан жоғары сатылу фактілері бойынша Департамент жоспардан тыс тексеру жүргізе алады. Заңбұзушылық расталған жағдайда әкімшілік шара қолданылады.

Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысында дәрілік затты белгіленген шекті бағадан жоғары сату бойынша бір факті анықталды. Аталған жағдай бойынша дәріханаға, яғни заңды тұлғаға әкімшілік айыппұл салынды.

Дереккөз: ШҚО ӨКҚ

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1286113?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version