СҚО-ДА МҮГЕДЕКТІГІ БАР БАЛАЛАРДЫ ОҢАЛТУДЫ БАҚЫЛАУҒА АРНАЛҒАН ЦИФРЛЫҚ КҮНДЕЛІК СЫНАҚТАН ӨТЕДІ
Солтүстік Қазақстан облысында үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет алатын мүгедектігі бар балаларды сүйемелдеудің жаңа тәсілін сынақтан өткізу жоспарланып отыр. Жоба барысында әр саланың мамандары тартылып, FSM Social цифрлық платформасы пайдаланылады.
Жобаны Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы жүзеге асырады. Сынақ аясында 180 баланы қамту көзделген. Оның ішінде тірек-қимыл аппараты бұзылған 20 бала және психоневрологиялық бұзылыстары бар 160 бала бар.
Басты мақсат әр балаға өзіне қажет көмекті уақытында көрсету. Сол үшін мамандар баланың жағдайын жеке бағалап, қолдау түрін соған қарай анықтайды. Жобаға 7 дәрігер, 9 логопед және 8 психолог қатысып отыр. Мамандар үйге барып жұмыс істейді, ал қажет жағдайда онлайн кеңес өткізіп, ата-аналарға баланың дамуы мен оңалуына көмектесетін кеңестер береді.
Баламен жүргізілетін жұмыстың барлық кезеңін бір жүйеге біріктіру үшін FSM Social цифрлық платформасы қолданылады. Оны оңалтудың цифрлық күнделігі деуге болады. Платформада мамандардың ұсынымдары жазылып, берілген тапсырмалардың орындалуы белгіленеді. Бұл балаға көрсетілетін көмекті жүйелі түрде жалғастыруға және мамандардың кездесулер арасындағы жұмысты бақылауына мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-zhetysu/press/news/details/1285880?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау