Астанада үш айға созылған «Өзіңнен баста» әлеуметтік-спорттық жобасының маусымы аяқталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жоба аясында үш ай бойы елорда тұрғындары үшін таза ауада тегін жаттығулар ұйымдастырылды.
6 маусымда басталған бастамаға 13 500-ге жуық адам қатысты. Жаттығулар қала тұрғындары жиі баратын орындарда – Триатлон саябағы мен Ботаникалық бақта тұрақты түрде өтті. Жоба салауатты өмір салтын насихаттауға, бұқаралық спортты дамытуға және жасөспірімдер мен жастар арасында зиянды әдеттердің алдын алуға бағытталды. Іс-шара «Заң мен тәртіп» бастамасы аясында Астана әкімдігінің, Дене шынықтыру және спорт басқармасының, сондай-ақ Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының қолдауымен жүзеге асырылды.
Қорытынды жаттығу 3 қыркүйекте «Арқар» көпірінің астындағы Триатлон саябағында өтті. Маусымның жабылуында қатысушылар мен жаттықтырушылар үш айлық жұмыстың нәтижесін қорытындылап, жетістіктерімен бөлісті және соңғы бірлескен жаттығуын өткізді.
Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербайдың айтуынша, «Өзіңнен баста» жобасы жазғы маусымда жүзеге асқан бес тегін әлеуметтік-спорттық жобадан тұратын ауқымды бағдарламаның бір бөлігі болды. Бұл бастамалар жалпы саны 45 мыңға жуық елорда тұрғынын қамтыды. Қала тұрғындары кәсіби нұсқаушылардың жетекшілігімен йога, скандинавиялық жүріс, Street Workout және ашық алаңдарда ұйымдастырылған басқа да дене шынықтыру бағыттарымен айналысты.
Қыркүйек айында бұл бастамалардың жазғы маусымы кезең-кезеңімен аяқталады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобалардың басты мақсаты тек қатысушылар санын арттыру емес, тұрғындардың спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасау болды. Осы арқылы дене белсенділігін елорда тұрғындарының күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыру көзделді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1286168?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау