ТІЛ – БІРЛІКТІҢ БЕРІК БАҒАНЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
ТІЛ – БІРЛІКТІҢ БЕРІК БАҒАНЫ
 
5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күні. Бұл – еліміздегі барша этнос өкілдерінің тілдері мен мәдениетіне құрмет көрсетіп, мемлекеттік тілдің мәртебесін айқындайтын тағылымы мол мереке. Тілі мен дәстүрі бөлек болса да сан алуан ұлт пен ұлыс өкілдерін бір шаңырақ астына біріктіріп, тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқан Қазақстан үшін бұл күннің орны ерекше.
 
Атаулы күннің 5 қыркүйекке белгіленуінің өзіндік тарихи мәні бар. Өйткені, бұл дата – қазақ халқының рухани өмірінде айрықша із қалдырған ұлт ұстазы, ғалым, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Ұлттың тілін сақтап, оның болашағы үшін ғұмырын арнаған Алаш қайраткерінің есімімен сабақтасуы мерекенің мазмұнын тереңдете түседі.
 
Осы айтулы күнге орай Жетісай ауданында «Тіл – достық пен ынтымақтастықтың көпірі» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Аудандық мәдениет үйінде өткен тағылымды басқосуды ауданның мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ өткізді.
 
Мерекелік жиынға аудан әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков, аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, тіл жанашырлары мен аудан тұрғындары қатысты.
 
«Дана халқымыз «Жұмыла көтергег – жүк жеңіл» дейді. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, оны заман талабына сай дамыту – баршамызға ортақ міндет. Осы бағытта табанды еңбек етіп жүрген тіл жанашырларына алғысымыз шексіз. Ауданымыздағы түрлі этнос өкілдерінің өзара татулығы мен ынтымағын нығайтуға үлес қосып жүрген азаматтарға да ризашылығымды білдіремін. «Тілге құрмет – елге құрмет». Сондықтан, баршаңызды мемлекеттік тілді құрметтеуге, оны үйреніп, күнделікті өмірде кеңінен қолдануға шақырамын» деген аудан әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков тілдің халықты жақындастыратын, өзара түсіністік пен татулықты нығайтатын маңызды құндылық екенін атап өтті.
 
Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, оның қолданыс аясын кеңейтуге атсалысып жүрген азаматтардың еңбегі де назардан тыс қалмады. Бір топ тіл жанашырына аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың және аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымовтың атынан алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Мерекелік шараның мазмұны өнер мен руханиятпен сабақтасты. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары көпшілікке концерттік бағдарламасын ұсынып, елдік пен бірлікті дәріптейтін патриоттық әндер орындады. Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының әртістері ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының ана тілі туралы айтқан тағылымды ойларынан сахналық көрініс қойып, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкерлері кітап көрмесін ұйымдастырды.
 
Тіл – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол халықтың тарихын, дүниетанымын, рухани болмысын ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін алтын арқау. Ал, Қазақстан жағдайында мемлекеттік тілдің айналасына топтасу – ел бірлігін бекемдеудің маңызды тетіктерінің бірі.
 
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-zhetisai/press/news/details/1285669?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version