Түркістан қаласындағы Октябрь Жарылқапов атындағы стадионда «Бір атаның балалары футбол ойнайды» атты отбасылық командалар арасындағы XXV республикалық жарыс басталды.
Биылғы бәсекеге еліміздің әр өңірінен 32 команда, 400-ге жуық ойыншы қатысып, жүлделі орындарды сарапқа салуда.
Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы, облыстық футбол федерациясының президенті Нұралы Әбішов пен жобаның авторы, Қазақстан Республикасының спорт шебері, жоғары ұлттық санаттағы төреші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Несіп Жүнісбайұлы сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Аталған жарыстың басты ерекшелігі – бір команда сапында бір әулеттің бірнеше буыны: ата, әке, бала, немере және шөбере бірге өнер көрсетеді. Ұрпақтар сабақтастығын спорт арқылы дәріптейтін бұл жоба өзіндік дәстүрге айналып, отбасылық құндылықтарды насихаттауға бағытталған.
Жарыс тарихында еліміздің танымал спортшылары Жігер және Жамбыл Көкеевтер түлеп шыққан. Сонымен қатар әр жылдары додаға Дәулет Тұрлыханов пен шағын футболдан Қазақстан құрамасының бұрынғы капитаны Серік Жаманқұлов та отбасыларымен бірге қатысқан.
Биылғы жарыстың жеңімпазына 1 млн теңге көлемінде ақшалай сыйлық, арнайы диплом және медальдар табысталады. Ал екінші орын иегері 600 мың теңге, үшінші орын алған команда 400 мың теңге көлемінде сыйақы алады.
Айта кетейік, жарыстың жоғары дәрежеде өтуіне ҚР «Отбасындағы және ардагерлер арасындағы спортты қолдау» қоры, Түркістан облысы әкімдігі мен Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мұрындық болуда.
Турнир финалы 5 қыркүйек күні өтеді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1286265?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау