Астананың Орталық жағалауында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Білім күніне орай «Ашық алаң» ақпараттық-түсіндіру акциясы өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараны «QAMQOR-ASTANA» қоғамдық қоры Дін істері басқармасының қолдауымен ұйымдастырды.
Акцияның ұраны ретінде «Оқу – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» таңдалды. Іс-шараның басты мақсаты – халықтың діни және құқықтық сауатын арттыру, елорда тұрғындарын деструктивті діни ағымдардың ықтимал қатерінен қорғау, сондай-ақ ұлттық, отбасылық және рухани-адамгершілік құндылықтарды кеңінен насихаттау.
Елорда тұрғындары мен қонақтарына арнап жағалауда ашық интерактивті алаң ұйымдастырылды. Мамандар мен сарапшылар келушілерге Қазақстандағы дін саласына қатысты дәстүрлер, мәдени ерекшеліктер мен заң талаптары туралы түсіндіріп, ақпарат берді.
Іс-шара барысында өскелең ұрпақпен жұмысқа ерекше көңіл бөлінді. Жасөспірімдерге Отанды сүю, білім алу және отбасы құндылықтарын дәріптеуге бағытталған танымдық викториналар, зияткерлік ойындар, мақал-мәтелдер сайысы және басқа да түрлі шаралар ұйымдастырылды. Олар жастардың дүниетанымын кеңейтіп, оң моральдық құндылықтарды қалыптастыруға бағытталды.
Бағдарламаның негізгі бөлімдерінің бірі «сұрақ-жауап» форматындағы ашық диалог болды. Кез келген адам дінге қатысты өзекті мәселелер бойынша мамандардан жан-жақты кеңес алып, деструктивті діни ағымдардың қатарына тарту тәсілдері мен оған ілесудің ықтимал қауіптері туралы ақпарат алды. Сонымен қатар алаңда әлеуметтік және ағартушылық бейнероликтер көрсетілді.
Акция аясында волонтерлер қала тұрғындарына үш мыңнан астам ақпараттық жадынама таратты. Баспа материалдарында діни білім алуға арналған сенімді дереккөздерді таңдау жөніндегі кеңестер, Қазақстан аумағында қызметіне тыйым салынған экстремистік және террористік ұйымдардың тізімі, қолданыстағы заңнама нормаларынан үзінділер және қауіпсіздіктің негізгі ережелері қамтылған.
Ұйымдастырушылар белсенді қатысушыларды да назардан тыс қалдырмады. Тақырыптық байқаулар мен викториналардың жеңімпаздары алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Сондай-ақ ауқымды қалалық іс-шараны ұйымдастыруға және өткізуге белсенді атсалысқан волонтерлерге арнайы алғыс білдіріліп, марапаттар табысталды.
#законипорядок #заңментәртіп
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1285589?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау