Өңірде оқушылар арасында құқық бұзушылықтардың жолын кесуге, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтауға, олардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, сондай-ақ балаларға қатысты қылмыстық қол сұғушылықтардың алдын алуға бағытталған республикалық «Жасөспірімдер бақылауы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде.
Полиция қызметкерлері профилактикалық есепте тұрған отбасыларды тексеріп, жастар көп жиналатын орындарды аралап, жасөспірімдермен және олардың заңды өкілдерімен профилактикалық әңгімелер жүргізуде. Негізгі назар проблемаларды ерте анықтауға және дер кезінде көмек көрсетуге аударылуда, – деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Жаслан Танжанов.
Іс-шараның үш күнінде 12 құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Полиция бөлімдеріне 10 жасөспірім жеткізілді, оның ішінде 3-еуі әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін жеткізілген.
Құқық қорғау органдары қоғамдық орындарда темекі шеккен екі кәмелетке толмағанды және алкогольдік масаң күйде болған бір жасөспірімді анықтады.
Сонымен қатар кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамаған 9 заңды өкіл әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бір кәмелетке толмаған профилактикалық есепке қойылды.
Ата-анасының қарауынсыз қалған 5 кәмелетке толмаған бала Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.
Қабылданған шаралар неғұрлым ауыр зардаптардың алдын алуға және тәуекел тобындағы отбасылардағы жағдайды дер кезінде түзетуге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері өңірдегі мектептер мен колледждерде 400-ге жуық кездесу мен дәріс өткізді.
Жасөспірімдерге қолданыстағы заңнама нормалары, жауапкершілік және жеке таңдау мәселелері түсіндірілді. Кездесулер ашық диалог форматында өтіп, әрбір қатысушы өз сұрағын қойып, жан-жақты жауап ала алды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-pavlodar/press/news/details/1285721?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау