Темірланда ұлттық өнерді насихаттауға бағытталған «Ән – көңілдің ажары» атты мәдени концерт өтті.
Шәмші аллеясында өткен мәдени шараға аудан тұрғындары мен қонақтары қатысып, Бадам және Қарақұм ауылдарының өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалады.
Кештің ашылуында аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостандық Жәкей мен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әділ Ысқақ сөз сөйлеп, көпшілікті мәдени шарамен құттықтады.
Концерттік бағдарламаның алғашқы бөлімін Бадам ауылының өнерпаздары ұсынды. Бағдарлама аясында «Ақ әжелер» тобы халық әні «Сәулем, сәулемді» орындады. Сонымен қатар Шәмші Қалдаяқовтың «Қайықта», «Тамды аруы» әндері шырқалды.
«Зейін» үйірме орталығының бишілері «Сырғалым» биін орындап, домбырашылар ансамблі күйден шашу шашты. «Ордабасы» және «Бадам» триолары Шәмші әндерінен попурри орындады. Бадам ауылының өнерпазы Өмірзақ Жанеля «Сәлем саған, туған ел» әнін орындады.
Кештің екінші бөлімінде Қарақұм ауылының өнерпаздары өнер көрсетті. «Шабыт» театры «Ән падишасы – Шәмші аға» атты әдеби-музыкалық қойылымын ұсынып, композитордың шығармашылық мұрасын сахналық көрініс арқылы таныстырды.
Бағдарлама барысында Абайдың бірінші қара сөзі оқылып, «Ордабасы толғауы», «Ер-Тұран», «Ерке сылқым» күйлері орындалды. «Салтанат» би тобы «Сүгірдің термесі» биін ұсынып, «Варенька» әні мен биін орындады. Сондай-ақ «Шәмшіге арнау» әні және «Асыл әжелер» ансамблінің арнауы көрермен назарына ұсынылды.
Мәдени шараның негізгі мақсаты – ұлттық өнерді дәріптеу, Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығын насихаттау және ауыл өнерпаздарының шығармашылық мүмкіндігін қолдау.
Кеш соңында өнер көрсеткен өнерпаздарға алғыс айтылып, мәдени шара өз мәресіне жетті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-ordabin-audany/press/news/details/1286325?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау