Елорданың Байқоңыр ауданындағы Қоянды саяжай алқабында жаңа балалар ойын алаңы ашылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Бұрын бос тұрған аумақ кешенді түрде абаттандырылып, мұнда үлкен футбол алаңы, спорттық тренажерлар мен воркаут аймағы, балалар ойын алаңы және тұрғындар үшін демалыс орны жасақталды.
Бұл кеңістікті жергілікті тұрғындар көптен күткен еді. Енді балалар ойын алаңында ойнап, жастар спортпен шұғылданып, ал тұрғындар абаттандырылған аумақта серуендеп, таза ауада демала алады.
Жаңа қоғамдық кеңістік тұрғындардың белсенді демалысына және салауатты өмір салтын ұстануына қолайлы жағдай қалыптастырады.
Аудан аумағында тұрғындарға қолайлы әрі жайлы орта қалыптастыру бағытындағы абаттандыру жұмысы жалғасып жатыр.
Айта кетейік, осыған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астананың қалалық инфрақұрылымын дамыту, абаттандыру және көгалдандыру бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастыруды тапсырған болатын. Қазір елорданың барлық алты ауданында абаттандыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Соңғы жылдары Астанада 500-ге жуық қоғамдық және аула кеңістігі абаттандырылды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1286404?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау