Батумиде Түркістан музыкалық драма театрының гастрольдік сапары өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

2-3 қыркүйекте Илья Чавчавадзе атындағы Батуми мемлекеттік драма театрында Түркістан музыкалық драма театрының гастрольдік сапары өтіп, грузин көрермендеріне «Абай. Қара сөз» пластикалық спектаклі ұсынылды.

Ұлы қазақ ақыны және ойшылы Абай Құнанбайұлының философиялық және әдеби мұрасына негізделген қойылымда оның адамгершілік, білім, рухани даму және жалпыадамзаттық құндылықтар туралы ой-толғамдары көрініс тапты.

Пластика, музыка және сахналық бейнелер арқылы спектакль авторлары Абайдың философиялық идеяларын заманауи көркемдік үлгіде ұсынды. Қойылым Батуми қаласының тұрғындары мен қонақтарының үлкен қызығушылығын тудырып, грузин көрермендерінің ыстық ықыласына бөленді.

Сонымен қатар, гастрольдік сапар аясында келушілерді Қазақстанның мәдени мұрасымен таныстыруға арналған көрме ұйымдастырылды. Экспозицияда қазақтың дәстүрлі киімдері мен ұлттық әшекей бұйымдары, тұрмыстық заттар мен ыдыс-аяқ, халық музыкалық аспаптары, сондай-ақ қазақстандық суретшілердің туындылары ұсынылды. Көрме қонақтарға қазақ халқының төл мәдениетімен, дәстүрлері және өнерімен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді.

Іс-шараға жергілікті билік органдарының, Грузияның қоғамдық және мәдени ортасының өкілдері, қазақ диаспорасының мүшелері, сондай-ақ Аджария тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Гастрольдік сапар Қазақстан мен Грузия арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың кезекті маңызды оқиғасына айналды. Осындай бастамалар қазақ мәдениетін шетелде кеңінен танытуға, екі елдің мәдениет мекемелері арасындағы тікелей байланыстарды кеңейтуге және қазақ пен грузин халықтары арасындағы дәстүрлі достық қатынастарды нығайтуға ықпал етеді.

Гастрольдік сапар Түркістан облысы әкімдігінің, Қазақстан Республикасының Грузиядағы Елшілігінің, Қазақстан Республикасының Батуми қаласындағы Құрметті консулының және Art Fest Group қолдауымен ұйымдастырылды.

Қазақстан мен Грузия мәдениет және өнер саласындағы өзара іс-қимылды дәйекті түрде дамытып келеді. Қазақстандық шығармашылық ұжымдардың гастрольдік сапарларын өткізу және бірлескен мәдени жобаларды іске асыру екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайтудың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-tbilisi/press/news/details/1286396?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version