Маңғыстау облысының әкімі жаңа стадион құрылысының барысымен танысты

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін, 5 қыркүйекте Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Ақтау қаласында салынып жатқан жаңа көпфункционалды стадиондағы құрылыс жұмыстарының ұйымдастырылуымен, атқарылған жұмыстардың көлемімен және құрылыс қарқынымен танысты.

Қазіргі уақытта құрылыс алаңында қазаншұңқыр қазу бойынша жер жұмыстары, аумақты ұйымдастыру және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Нысанға қажетті арнайы техника жұмылдырылған. Құрылыс жұмыстары өндірістік кестеге сәйкес атқарылып жатыр.

«Бүгінде нысанда маңызды дайындық кезеңі жүріп жатыр. Жер жұмыстары атқарылып, құрылыс алаңы қалыптастырылуда. Алғашқы кезеңнен бастап қажетті қарқын мен сапаны қамтамасыз етіп, жұмыс кестесін сақтау маңызды. Бұл стадион Ақтау қаласы мен жалпы өңір үшін маңызды нысанға айналады. Сондықтан құрылыс жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілуге тиіс», – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Жаңа спорт кешені бұрынғы резиденция аумағында орналасып, 17,29 гектар жерді қамтиды. Негізгі стадион 10 мың көрерменге арналған. Өлшемі 105×68 метр болатын футбол алаңы табиғи көгалмен жабдықталып, жылыту және жерасты дренаж жүйелерімен қамтамасыз етіледі. Нысан Қазақстан футбол федерациясының 5-санатына және UEFA-ның 4-санатына сәйкес келеді.

Кешен құрамында 40 орындық жатақханасы, асханасы, шағын футбол залы, жаттығу және функционалдық залдары, медициналық-оңалту блоктары, оқу кабинеттері мен конференц-залы бар футбол академиясы қарастырылған.

Сонымен қатар аумақта 600 және 400 көрерменге арналған трибуналары бар екі жаттығу алаңы, автотұрақ, бақылау-өткізу бекеттері, инженерлік және қосалқы нысандар салынады.

Стадионның сәулеттік тұжырымдамасы Каспий жағалауындағы Ақтау қаласының ерекшеліктерін бейнелейді. Нысанның сыртқы келбеті Каспийдің інжу-маржанына ұқсатып жасалған. Сәулетінде заманауи шешімдер Маңғыстауға тән табиғи және мәдени ерекшеліктермен үйлесім тапқан.

Облыс әкімі жауапты тұлғаларға құрылыс барысын, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын және белгіленген мерзімдердің сақталуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Кешен пайдалануға берілгеннен кейін өңірде футболды дамытуға, жас спортшыларды даярлауға, сондай-ақ республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік артады.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/1286398?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version