Бүгін облыс әкімі Берік Уәли «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өткен жалпы қалалық сенбілікке қатысып, қала тұрғындарымен бірге тазалық жұмыстарына атсалысты.
Абаттандыру жұмыстарына 10 мыңнан астам тұрғын шығып, қала аумағынан 1 мың текше метрден астам қоқыс шығарылды. Жұмыстарға 32 арнайы техника жұмылдырылды.
Биылғы 4 сәуірден бастап облыстың барлық елді мекендерінде санитарлық тазалық жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Осы уақыт аралығында сенбіліктерге 315 мыңнан астам тұрғын қатысып, 6 842 ұйым мен 3 017 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 38 мың аула, 1 134 саябақ пен сквер тазартылып, полигондарға 52 216 тонна қоқыс шығарылды.
Өңірді көгалдандыру жұмыстары да қатар жүргізілуде. Биыл облыс бойынша 67 мың ағаш көшетін отырғызу жоспарланған. Бүгінге дейін оның 60 мыңы, яғни 89 пайызы егілді.
Абай облысында 2024–2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетін дамыту тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі 44 іс-шарадан тұратын жоспар бекітілген. Соның аясында биыл 32 іс-шара өткізу көзделсе, 18-і бірінші және екінші тоқсандарда жүзеге асырылды. Сонымен қатар ай сайын экологиялық акциялар мен тазалық шаралары тұрақты ұйымдастырылып келеді.
Бағдарлама аясында тазалық талаптарын сақтауға және заңсыз қоқыс орындарын жоюға да ерекше назар аударылуда. Биыл 330 рейд өткізіліп, 2 178 құқық бұзушылық анықталды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабы бойынша 8 302 хаттама толтырылды. Ғарыштық мониторинг нәтижесінде анықталған 141 рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісінің 133-і жойылды.
Облыс әкімі «Таза Қазақстан» бір реттік сенбілікпен шектелмей, елді мекендерді таза ұстаудың тұрақты мәдениетіне айналуы керектігін атап өтті.
«Тазалық тек сенбілік кезінде атқарылатын жұмыс болмауы керек. «Таза Қазақстанның» негізгі мақсаты – әр тұрғынның өзі тұратын елді мекенге жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру. Облыста ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Дегенмен тазалықты сақтау, көгалдандыру, заңсыз қоқыс орындарына жол бермеу бағытында әлі де атқаратын шаруа көп. Бұл жұмыс үздіксіз жалғасуы тиіс. Таза әрі көркейген елді мекен – ең алдымен сол жерде тұратын халықтың ортақ еңбегінің нәтижесі», – деді Берік Уәли.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1286366?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау