Гент, 2026 жылғы 5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күніне орай Гент қаласындағы Qazaq Roots қазақ мәдени орталығында Қазақстанның Бельгиядағы Елшілігінің қолдауымен мәдени-ағартушылық іс-шара өтті.
Кездесуге Фландрияда тұратын отандастар, соның ішінде бельгиялық отбасылар асырап алған балалар, сондай-ақ Қазақстанның тілі мен мәдениетіне қызығушылық танытатын бельгиялықтар қатысты. Қатысушылар қазақ тіліндегі кітаптарды оқып, Қазақстан әдебиетімен танысты, викториналар мен интерактивті тілдік ойындарға қатысты.
Іс-шараға «Кітап оқитын ұлт» қоғамдық қорының атқарушы директоры Аян Сакошев онлайн форматта қосылып, жобаның мақсаттары мен кітап оқу мәдениетін дамыту бағытындағы жұмыстар туралы айтып берді.
«Біздің міндетіміз – кітап оқуды түрлі буын өкілдерін біріктіретін күнделікті мәдениеттің бір бөлігіне айналдыру. Шетелде тұратын қазақстандықтардың кітап арқылы ана тілімен, мәдениетімен және Қазақстанмен байланысын сақтауы айрықша маңызды», – деп атап өтті Аян Сакошев.
«Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында Qazaq Roots орталығының кітап қоры қазақстандық жазушылардың жаңа басылымдарымен толықты. Кітаптар оқуға және өзара алмасуға қолжетімді болады.
«Бельгияда өсіп келе жатқан балаларымыз үшін қазақ тілі – өз тамырымен байланыстыратын алтын көпір. Біз Qazaq Roots орталығында олардың тілді үйреніп қана қоймай, қазақ тіліндегі кітаптарды оқып, бір-бірімен араласып, Қазақстанның мәдениетін тереңірек танығанын қалаймыз», – деді орталық жетекшісі Майнұр Жұманова.
Брюссель мен Гентте ашылған қазақ мәдени орталықтарында барлық ниет білдірушілер үшін қазақ тілі курстары жұмыс істейді. Олар отандастарымызға ана тілін сақтауға, ал бельгиялықтарға Қазақстанды, оның мәдениеті мен дәстүрлерін жақынырақ танып-білуге мүмкіндік береді.
Іс-шара қазақ тілін шетелде ілгерілету және кітап оқуды, сондай-ақ Қазақстан әдебиетін насихаттауға бағытталған «Кітап оқитын ұлт» жобасын жүзеге асыру жөніндегі жұмыстың бір бөлігі болды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brussels/press/news/details/1286406?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау