Батыс Қазақстан облысының білім басқармасы қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау нәтижелері
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментімен Батыс Қазақстан облысының білім басқармасы мен оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізілді. Талдаумен 2023–2025 жылдар және 2026 жылдың өткен кезеңі қамтылды.
Талдау барысында білім беру жүйесіндегі кадрлық және басқарушылық процестер, педагогтерді іріктеу және тағайындау, ақпараттық жүйелерді пайдалану, мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру және орналастыру, инфрақұрылымды қаржыландыру, қаржылық жоспарлау, еңбекақы төлеу, оқушыларды тасымалдау, мемлекеттік мүлікті басқару, мектептегі тамақтандыруды ұйымдастыру және мемлекеттік сатып алу рәсімдері зерделенді.
Білім беру жүйесіндегі кадрлық және басқарушылық процестерді ұйымдастыру барысында мемлекеттік мүлікті басқару, бос басшылық лауазымдарды толықтыру және жұмыс уақытын есепке алу салаларында тәуекелдер анықталды. Атап айтқанда, Басқарма орналасқан әкімшілік ғимараттың нақты баланс ұстаушысы айқындалмаған. Бұл ғимаратты күтіп-ұстау, коммуналдық қызметтерді төлеу, жөндеу жұмыстарын жүргізу және пайдалану шығындарын қаржыландыру мәселелерінде бақылаудың әлсіреуіне және мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі шешімдерді қабылдау кезінде дискрециялық өкілеттіктердің артуына жағдай жасауы мүмкін.
Сонымен қатар, білім беру ұйымдарында бос басшылық лауазымдардың ұзақ уақыт бойы толықтырылмауы анықталды. Өңір бойынша 39 бос басшылық лауазым тіркелген, оның ішінде жекелеген мектеп, балабақша және қосымша білім беру ұйымдарындағы директорлық лауазымдар бірнеше жыл бойы бос тұрған. Мұндай жағдай кадр тапшылығын күшейтіп, бос орындарды толтыру рәсімдерінің кешігуіне, ішкі бақылау мен қызметтік сабақтастықтың әлсіреуіне, сондай-ақ меритократия қағидаттарының толық сақталмау тәуекеліне әкелуі мүмкін.
Жұмыс уақытын есепке алу және еңбек тәртібін бақылау саласында процестердің жеткілікті деңгейде автоматтандырылмағаны анықталды. Бірқатар білім беру ұйымдарында қызметкерлердің нақты келу-кетуін биометриялық сәйкестендіру арқылы бақылау толық енгізілмеген, жұмыс уақыты негізінен қолмен жүргізілетін табельдер арқылы есепке алынады. Талдау барысында жекелеген педагогтердің бір мезгілде бірнеше мектепте жұмыс істеп, сабақ кестелері уақыт бойынша сәйкес келетін және оқу жүктемесі едәуір жоғары болатын жағдайлар анықталды. Бұл нақты орындалмаған жұмыс уақыты үшін еңбекақы төлеу, табельдік есепті формалды жүргізу және еңбек тәртібі туралы мәліметтердің бұрмалану тәуекелдерін туындатады.
Бұдан бөлек, кадрлық құжат айналымының едәуір бөлігі қағаз түрінде жүргізілетіні, бұйрықтар мен тіркеу журналдарына қолмен түзетулер енгізілетіні, жекелеген еңбек қатынастары мен тәртіптік рәсімдердің толық әрі бірізді құжаттандырылмайтыны анықталды. Мұндай жағдайлар құжаттарды өзгерту, әртүрлі түсіндіру және кадрлық шешімдерді қабылдау кезінде субъективтілік тәуекелдерін арттырады.
Педагогтер мен білім беру ұйымдарының басшыларын іріктеу және тағайындау рәсімдері бойынша бос педагогикалық және техникалық лауазымдардың жекелеген жағдайларда конкурс өткізілмей, қоса атқару немесе қосымша жұмыс тәртібімен толықтырылғаны анықталды. Сонымен бірге бірінші басшыларды тағайындауға арналған мемлекеттік қызмет бойынша өтініштердің негізінен қағаз түрінде қабылдануы, процестерді автоматтандырылған бақылау тетіктерінің жеткіліксіздігі және конкурстық комиссия құрамының ұзақ уақыт өзгеріссіз қалуы шешім қабылдауда адами фактордың ықпалын сақтап отыр.
Білім беру саласындағы ақпараттық жүйелерді пайдалану кезінде бос жұмыс орындары туралы ақпаратты орналастыру және іздеу тетіктерінде сәйкессіздіктер анықталды. Вакансиялар туралы бастапқы мәліметтерді білім беру ұйымдарының өз қызметкерлері енгізетіндіктен, олардың атауы, орналасқан жері, жүктемесі және басқа да деректері бойынша қателіктер мен субъективті өзгерістер енгізілуі мүмкін. Кейбір бос жұмыс орындарының бір мезгілде бірнеше әкімшілік аумақта көрсетілуі, ал басқа аумақтарда көрінбеуі тең қолжетімділік қағидатына әсер етеді. Сонымен қатар деректердің өзгеріс тарихын сақтау және ақпаратты автоматты түрде верификациялау тетіктері жеткіліксіз.
Мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру саласындағы цифрлық қызметтерді көрсету барысында балаларды кезекке қою, ваучерлерді бөлу және білім беру ұйымдарына жолдама беру жүйелерінің өзара интеграциясы мен автоматты бақылауы жеткіліксіз екені анықталды. Жекелеген жағдайларда азаматтарға хабарламаның тек жеке кабинет арқылы жіберілуі, жолдаманы растау мерзімінің қысқалығы және бос орындардың құжаттарды рәсімдеу кезеңінде қайтадан жалпы қолжетімді болуы азаматтардың кезектегі немесе берілген орыннан айырылып қалу тәуекелін туындатады.
Мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру және орналастыру барысында еңбек нарығының нақты қажеттіліктерін бағалау, түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіштерін ескеру және мемлекеттік гранттарды бөлу рәсімдерінде кемшіліктер анықталды. Талдау көрсеткендей, жекелеген мамандықтар бойынша гранттар еңбек нарығындағы нақты сұраныс пен түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі жеткілікті ескерілмей бөлінген. Нәтижесінде мемлекеттік білім беру тапсырысының толық игерілмеуі, қайта бөлу қажеттілігі және бюджет қаражатын жоспарлау тиімділігінің төмендеуі тәуекелі қалыптасады.
Сонымен бірге мемлекеттік білім беру тапсырысын қайта бөлу рәсімдерінің кейбір жағдайларда комиссияның тиісті шешімінсіз жүзеге асырылуы және комиссия отырыстарының міндетті аудио-бейнежазбаларының ұсынылмауы анықталды. Бұдан бөлек, бұрын мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде техникалық және кәсіптік білім алған жекелеген тұлғалардың қайтадан мемлекеттік грант есебінен оқуға қабылдануы бюджет қаражатының негізсіз жұмсалу тәуекелін туындатады.
Мектептегі тамақтандыруды ұйымдастыру және мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласында қаржыландыруды уақтылы жоспарламау, конкурс рәсімдерін ұйымдастыру, оқушылардың контингентін есепке алу және мемлекеттік мүлікті пайдалану мәселелерінде тәуекелдер анықталды. Жекелеген кәсіпкерлерге көрсетілген қызметтер үшін қаражаттың уақытылы төленбеуі, қолданыстағы шарттар бола тұра жаңа конкурс жариялау мәселесінің көтерілуі және қаржыландыру қажеттілігінің жеткілікті жоспарланбауы әкімшілік шешімдердің ашықтығы мен негізділігіне әсер етуі мүмкін.
Сонымен қатар мектеп асханаларында оқушылардың бір уақытта бірнеше тізімге енгізілуі салдарынан негізсіз төлемдер жүргізілген, жеке әріптестерге берілген алаңдардың нақты көлемі шарттарда көзделген мәліметтермен сәйкес келмеген, жекелеген қосымша алаңдар негізсіз пайдаланылған және коммуналдық шығындар бюджет қаражаты есебінен өтелген. МЖӘ шарттарында көзделген жауапкершілік шараларының толық қолданылмауы мен есептіліктің формалды жүргізілуі де анықталды.
Бұдан басқа, мектеп асханаларының нақты алаңы мен кәсіпкерлерге берілген алаң арасында сәйкессіздіктер, мемлекеттік мүлікті толық есепке алмау және пайдаланылмай отырған алаңдар бойынша бюджет кірістерінің толық қамтамасыз етілмеуі анықталды. Кейбір жағдайларда МЖӘ шартының мазмұнында бір көзден сатып алу тәсілін қолдануға негіз болмағанына қарамастан, тамақтандыру қызметтері жекелеген кәсіпкерлерден осы тәсілмен алынған. Бұл бәсекелестіктің шектелуіне және жекелеген субъектілерге негізсіз артықшылық берілуіне жағдай жасауы мүмкін.
Білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын қаржыландыру және лицензиялау саласында объектілердің нақты дайын болуы, лицензияның берілуі және білім беру қызметінің басталуы арасындағы үйлесімсіздік анықталды. Жекелеген ұйымдарға лицензиялар қызмет басталғаннан кейін кеш берілген, сондай-ақ тиісті лицензиясы болмаған ұйымдардың қызметіне немесе оқушыларды қабылдауына қатысты тәуекелдер анықталған. Бұл лицензиялау талаптарының сақталуына бақылауды күшейту және білім беру қызметін бастауға қатысты процестерді цифрлық бақылаумен байланыстыру қажеттігін көрсетті.
Сонымен қатар білім беру объектілерінің техникалық жай-күйін, күрделі жөндеу мен жаңа құрылысқа қажеттілікті қаржыландыру кезінде басымдықтарды айқындаудың бірыңғай және ашық критерийлері жеткіліксіз екені байқалды. Жекелеген мектептердің қоршауы, инженерлік желілері және ғимараттарының тозуы сияқты қауіпсіздікке әсер ететін мәселелер ұзақ уақыт бойы шешілмеген. Бұл қаржыландыру кезектілігін айқындауда субъективті тәсілдердің қолданылу ықтималдығын арттырады.
Білім беру саласындағы кадрлық ротация және басқарушылық тәжірибеде жекелеген бірінші басшылардың бір ұйымды 7 жылдан астам, ал кейбірінің 10 жылдан астам уақыт басқарғаны анықталды. Аудандық білім бөлімдерінің кейбір басшылары да бір лауазымда ұзақ уақыт бойы үздіксіз қызмет атқарған. Мұндай жағдай басқарушылық шешімдердің жабық сипатта қалыптасуына, бейресми байланыстардың орнығуына, ішкі бақылаудың әлсіреуіне және мүдделер қақтығысының туындау ықтималдығына әсер етуі мүмкін.
Сонымен бірге жекелеген білім беру ұйымдарында оқушылар контингентін жасанды ұлғайту арқылы мектеп мәртебесін сақтау, соның негізінде педагогикалық жүктемені, штат бірліктерін және еңбекақы қорын негізсіз көбейту тәуекелдері анықталды. Бұдан басқа, заңнама талаптарына сәйкес келмейтін үстемеақылар мен қоса атқарғаны үшін төлемдер жүргізілген фактілер анықталды.
Қаржылық жоспарлау, бухгалтерлік есеп және мемлекеттік ресурстарды пайдалану барысында ішкі бақылау мен аудиттің жеткіліксіздігіне байланысты жүйелі бұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, бюджет қаражатының заңсыз жеке шоттарға аударылуы, негізсіз төлемдер, қаржылық есептіліктегі бұрмалаушылықтар, дебиторлық және кредиторлық берешектерді толық көрсетпеу, мемлекеттік мүлікті бухгалтерлік есепке алмау және түгендеуді формалды жүргізу фактілері орын алған. Мұндай бұзушылықтардың басым бөлігі ішкі бақылау барысында емес, сыртқы аудит кезінде анықталған.
Анықталған бұзушылықтардың бірнеше жыл бойы қайталануы білім беру саласындағы қаржылық тәртіп пен ведомстволық бақылаудың жеткіліксіз екенін көрсетті. Еңбекақыны заңсыз төлеу, материалдық көмекті негізсіз есептеу, мемлекеттік активтерді есепке алмау, жеткізілген жабдықтарды балансқа уақытылы қоймау және шарттық міндеттемелерді орындамаған өнім берушілерге қатысты тиісті шараларды қолданбау сияқты мәселелер жүйелі сипат алған.
Оқушыларды тасымалдауды ұйымдастыру саласында мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың біліктілік талаптарына толық сәйкес келмегеніне қарамастан конкурсқа жіберілуі, сондай-ақ тасымалдау маршруттары мен қажетті инфрақұрылымды алдын ала жоспарламау фактілері анықталды. Кейбір мектептерде автобустардың техникалық жағдайының нашар болуы, жиі істен шығуы және жүргізушілермен қамтамасыз ету мәселелерінің уақытылы шешілмеуі білім алушылардың қауіпсіз және үздіксіз тасымалдануына әсер еткен.
Еңбекақы, әлеуметтік төлемдер, сыйақылар және іссапар шығыстары бойынша төлемдерді жоспарлау мен есептеуде жүйелі кемшіліктер анықталды. Еңбек және әлеуметтік төлемдердің жекелеген қызметкерлерге уақытылы немесе толық төленбеуі, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың дұрыс есептелмеуі, бухгалтерлік және кадрлық деректердің сәйкессіздігі, сондай-ақ заңнама талаптарының әртүрлі қолданылуы тәуекел ретінде бағаланды.
Сонымен бірге іссапарларды рәсімдеу кезінде бұйрықтардың іссапар аяқталғаннан кейін шығарылуы, төлемдердің белгіленген мерзімде жүргізілмеуі және іссапар кезеңдерінің төлем құжаттарында толық көрсетілмеуі анықталды. Мұндай жағдайлар құжаттарды кері күнмен рәсімдеу, жалған іссапарларды заңдастыру және бюджет қаражатын негізсіз есептен шығару тәуекелдерін туындатуы мүмкін.
Мемлекеттік сатып алу саласында сатып алу тәсілін заңсыз айқындау, шарт талаптарын бұзған өнім берушілерге қатысты заңда көзделген шараларды қабылдамау, бәсекелестікті шектеу және сатып алу рәсімдерінің ашықтығын төмендету тәуекелдері анықталды. Жекелеген сатып алуларда заңнама талап ететін конкурс тәсілінің орнына өзге тәсілдердің қолданылуы, ал кейбір жағдайларда шарт міндеттемелерін орындамаған өнім берушілерді жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізу және сотқа талап қою шараларының қабылданбауы анықталды.
Сонымен қатар сатып алу рәсімдерінде жеткізу мерзімдерін негізсіз қысқарту, біліктілік талаптарын дұрыс белгілемеу немесе тексермеу, әлеуетті өнім берушілерге негізсіз артықшылық беру, техникалық ерекшеліктерде қарама-қайшы мәліметтердің болуы және ақпаратты мемлекеттік сатып алу веб-порталында уақытылы орналастырмау фактілері анықталды. Мұндай жағдайлар бәсекелестікті шектеуге, сатып алу рәсімдерінің ашықтығы мен айқындығын төмендетуге және бюджет қаражатын тиімсіз пайдалануға жағдай жасайды.
Тәуекелдердің негізгі себептері ретінде ішкі бақылау мен ішкі аудиттің жеткіліксіздігі, процестердің толық цифрландырылмауы, деректерді автоматты салыстыру және верификациялау тетіктерінің әлсіздігі айқындалды.
Сыртқы талдау нәтижелері бойынша анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға бағытталған ұсынымдар әзірленді. Ұсынымдар кадрлық рәсімдердің ашықтығы мен автоматтандырылуын арттыруға, жұмыс уақытын биометриялық бақылауды енгізуге, білім беру ұйымдарының ақпараттық жүйелерін жетілдіруге, мемлекеттік білім беру тапсырысын еңбек нарығының нақты қажеттілігімен байланыстыруға, инфрақұрылымдық қаржыландырудың ашық критерийлерін енгізуге, қаржылық-шаруашылық қызметке ішкі аудитті күшейтуге, еңбекақы мен әлеуметтік төлемдерді бақылауды жетілдіруге, мектеп асханалары мен мемлекеттік мүлікті пайдалануға толық есеп жүргізуге, оқушыларды тасымалдауды алдын ала жоспарлауға және мемлекеттік сатып алу саласындағы бақылау тетіктерін күшейтуге бағытталған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-bilim/press/news/details/1287005?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау