«Назар аударыңыз, балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Түпқараған ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері Форт-Шевченко қаласындағы мектеп-лицей оқушыларымен кездесу өткізіп, құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында кешенді түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Кездесу барысында бопсалау, буллинг және кибербуллинг мәселелері кеңінен талқыланды. Полиция қызметкерлері аталған құбылыстардың жасөспірімдердің психологиялық жағдайына кері әсерін түсіндіріп, қиын жағдайға тап болған кезде дер кезінде көмекке жүгінудің маңыздылығын атап өтті.
Оқушыларға әлеуметтік желілерді қауіпсіз пайдалану, интернет кеңістігіндегі мінез-құлық мәдениеті, жеке мәліметтерді қорғау және бейтаныс адамдармен онлайн қарым-қатынас жасау кезінде сақтық таныту бойынша кеңестер берілді.
Сонымен қатар интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері, алаяқтардың қолданатын негізгі тәсілдері және олардан қорғану жолдары түсіндірілді. Бопсалау мен сталкинг фактілеріне тап болған жағдайда бұл туралы ата-анаға, педагогтерге немесе құқық қорғау органдарына дереу хабарлау қажеттігі ескертілді.
Кездесу барысында есірткі құралдарының адам денсаулығына зияны мен оның жасөспірімдердің болашағына тигізетін ауыр салдары да сөз болды. Полиция қызметкерлері салауатты өмір салтын ұстанудың, өз денсаулығына жауапкершілікпен қараудың және зиянды әдеттерден аулақ болудың маңыздылығын атап өтті.
Мұндай профилактикалық кездесулердің негізгі мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру және түрлі құқық бұзушылықтардың алдын алу.
https://www.instagram.com/reel/Dc-5IaQCdbK/?utm_source=ig_web_copy_link&stkn=MzRlODBiNWFlZA==
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-mangystau/press/news/details/1286979?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау