7 қыркүйекте депутаттық бақылау аясында Саран қаласының жылумен жабдықтау нысандарына көшпелі тексеру өтті. Жұмыс шарасына мәслихат депутаттары Я.Н. Савчин және Ж.К. Жаяубаев, «Әділет» партиясы Саран филиалының төрағасы Н.С. Тажибаева, қала әкімінің орынбасары Д.Б. Арнешев және Саран қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы А.А. Мұқтар қатысты.
Көшпелі тексерудің негізгі мақсаты – жылу энергетикасы нысандарының алдағы жылыту маусымына дайындық барысымен танысу және олардың ағымдағы әзірлігін бағалау болды.
Қатысушылар алдымен орталық жылу пунктіне барды. Мұнда үш қосымша сорғы мен коллектор орнатылып, жабдықтар жөнделіп, тексеруден өткізілді, жылу алмастырғыштар мен тұнба ұстағыштар тазартылды, сондай-ақ электр беру желісі жаңартылды.
Келесі нысан – қаланың Орталық қазандығы болды. «SaranTeploService» ЖШС директоры С.К. Балаубаев қатысушыларды жүргізілген жұмыстармен таныстырды. Қазандықта қазандар жөнделіп, қаптамасы қалпына келтірілді, жиілікті түрлендіргіштері бар тартпалы үрлеу желдеткіштері толығымен ауыстырылды. Негізгі және қосалқы жабдықтар, ұсатқыш қондырғылар мен отын беру жүйесі тексеріліп, жөнделді.
Көшпелі тексеру барысында депутаттар қазандықты көмірмен қамтамасыз ету, тұтынушылардың жылумен жабдықтау қызметтері бойынша берешегі, тарифті бекіту, жаңа тұтынушыларды қосу және өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау мәселелерін де талқылады.
Тексеру қорытындысы бойынша нысандардың жылыту маусымына дайындығы жоспарлы түрде жүргізіліп жатқаны атап өтілді. Сонымен қатар, депутаттар барлық жоспарланған іс-шаралардың уақытылы аяқталуының маңыздылығын атап өтті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-karaganda-saran/press/news/details/1286831?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау