✅Абай облысында 14 инвестициялық жоба мақұлданды
Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен инвестиция тарту жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Жиында Семей қаласында тәулігіне 250 тонна жемдік ұн өндіретін бидай мен арпаны қайта өңдеу зауытын, қосалқы көлік қызметі нысандары бар қойма кешенін, жүктерді қоймалау және сақтауға арналған қойма үй-жайларын, сауықтыру-санитарлық кешенін, шағын өнеркәсіптік паркі бар көлік-логистикалық орталықты, бес жұлдызды қонақ үй-мейрамхана кешенін және күндізгі стационары бар заманауи көпсалалы емхана салу жобалары қаралды.
Сондай-ақ «Семей – Павлодар» автомобиль жолының бойында жол бойы сервисі кешенін және кемпинг, Восточный кентінде жол бойындағы сервисі бар кемпинг, Семей қаласында заманауи сауықтыру кешенін салу жобалары таныстырылды.
Жаңасемей ауданында ірі қара мал өсіруге арналған мал шаруашылығы кешенін ұйымдастыру, тамшылатып суару әдісімен жүгері және кондитерлік күнбағыс өсіру, көкөніс, майлы және бұршақ дақылдарын өсіруге арналған айналмалы типтегі жаңбырлатып суару машиналары мен тамшылатып суару жүйелерін сатып алу жобалары ұсынылды. Бұдан бөлек, Бесқарағай ауданында ағаштар мен көпжылдық дақылдарды өсіруге арналған тәлімбақ салу жобасы қаралды.
Кеңес қорытындысында жалпы сомасы 20,6 млрд теңгені құрайтын, 600-ден астам тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 14 инвестициялық жоба мақұлданды.
Облысқа инвестиция тарту және инвестициялық жобаларды іске асыру бағытында қарқынды жұмыс жүргізілуде. Қазіргі таңда жалпы құны 34,6 млрд теңге болатын 14 жоба іске қосылып, 598 жаңа жұмыс орны құрылды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay-kasipkerlik/press/news/details/1287978?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау