Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына Гуанчжоу қытай медицинасы университетінің клиникаларынан ортопедия саласының профессорлары, бөлім меңгерушілері Бин Фан мен Вэй Хэ келді.
Екі профессор аурухананың бөлімшелерін аралап, жұмыс барысымен танысып, ҚЖШККА травматология және ортопедия бөлім меңгерушілері Сағит Маханов пен Медет Жанысов бастаған травматолог-ортопедтермен бірге науқастарды қарап, күрделі клиникалық жағдайларды талқылады.
Аурухана мамандарына арналған дәрісте ортопедия мен травматологиядағы күрделі жағдайлар, сондай-ақ тізе буынын қайта эндопротездеудің заманауи тәсілдері сөз болды. Профессорлар осы бағыттағы тәжірибесін бөлісіп, хирургиялық емдеудің заманауи әдістерін таныстырды.
Тәжірибе алмасу операциялық залда жалғасты. Қытайлық профессорлардың қатысуымен тізе буынына эндопротез қою отасы жасалды. Мамандар ота барысындағы хирургиялық тәсілдерді талқылап, өзара тәжірибе алмасты.
Мұндай халықаралық кездесулер – дәрігерлердің кәсіби шеберлігін шыңдап, озық медициналық тәжірибені меңгерудің тиімді жолы. Ең бастысы, алған білім мен тәжірибе пациенттерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға қызмет етеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-densaulyk/press/news/details/1287864?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау