Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік қызметкерлердің кәсіби деңгейін арттыру және әлеуметтік саладағы кадр әлеуетін дамыту бағытындағы жұмысты жалғастырып келеді.
Бүгінде еліміздің әлеуметтік қорғау жүйесінде 12 мыңға жуық әлеуметтік қызметкер жұмыс істейді. Оның 1 251-і үкіметтік емес ұйымдарда еңбек етеді. Әлеуметтік қызметкерлердің 55,5%-ы ауылдық жерлерде, 44,5%-ы қалаларда жұмыс істейді.
Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарда еңбек ететін мамандардың басым бөлігі азаматтарға тікелей үйінде көмек көрсетеді.
Олардың саны – 9 532 адам немесе 86,5%. Сонымен қатар 1 020 маман (5,5%) стационарлық ұйымдарда, 998 маман (5,4%) жартылай стационарлық ұйымдарда, 451 маман (2,6%) уақытша болу ұйымдарында жұмыс істейді.
Аталған сала қызметкерлердің білім деңгейі де әртүрлі. 6 410 маманның немесе 53,2%-ының жоғары білімі бар. Орта кәсіптік білімі барлардың саны – 3 633 адам (30,3%), орта білімі барлар – 1 833 адам (15,4%). Бұдан бөлек, 125 маман магистр дәрежесіне ие.
Әлеуметтік сала үшін мамандардың тиісті білімі болғаны ғана жеткіліксіз. Олар өз білімін үнемі жетілдіріп, кәсіби дағдыларын дамытып отыруы маңызды. Осы мақсатта министрлік «Әлеуметтік жұмыс және әлеуметтік саланың өзге де кәсіптері» және «Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін мамандар» кәсіби стандарттарын бекітті. Бұл құжаттар әлеуметтік қызметкерлердің білімі мен кәсіби дағдыларына қойылатын қазіргі талаптарды айқындайды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-aktobe/press/news/details/1287352?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау