«Creative Aimaq» республикалық жобасы аясында 12–13 қыркүйек күндері Астана қаласында Қызылорда облысының шығармашылық әлеуетін таныстыратын «Тамырдан туындыға…» атты көрме-жәрмеңкесі өтеді. Ерекше жоба Сыр өңірінің бай тарихи-мәдени мұрасын заманауи шығармашылықпен сабақтастырып, дәстүрден жаңа идея мен заманауи өнім қалыптастырудың мүмкіндіктерін көрсетеді. Іс-шараға Қызылорда облысынан 100-ге жуық креатор қатысады. Олар 21 экономикалық қызмет бағыты бойынша өздерінің авторлық туындылары мен шығармашылық өнімдерін Астана жұртшылығына ұсынады.
Сыр өңірінің дәстүрлі зергерлік өнері заманауи әшекейлерге, кілем тоқу дәстүрі интерьерлік және сәндік бұйымдарға, ұлттық киім үлгілері заманауи дизайнерлік топтамаларға, ағаш, сүйек өңдеу өнері авторлық туындыларға айналып келеді. Сонымен қатар, дәстүрлі музыка, бейнелеу өнері, сән, дизайн, медиа, цифрлық шығармашылық және жасанды интеллект бағыттары да өңірдің креативті экожүйесінің маңызды бөлігіне айналуда.
Көрме барысында келушілер Сыр бойының брендіне айналған ақ күрішті бейнелеу өнеріне де пайдаланған суретшілердің шығармаларымен танысып, күріштің өңір тарихы мен тұрмысындағы маңызын көркем туындылар арқылы сезіне алады. Сыр өңірінің табиғатын, дәстүрі мен мәдениетін бейнелейтін бірегей өнер туындыларын тамашалауға мүмкіндік бар. Қызылорданың дәстүрлі қолөнер мәдениетін танытатын сүйек, ағаш және киізден жасалған ұлттық бұйымдар да қойылады. Шеберлердің қолынан шыққан бұл туындыларда Сыр бойына тән ұлттық нақыш, дәстүрлі өрнек пен табиғи материалдарды ұқыпты өңдеу шеберлігі көрініс табады. Әрбір бұйым – атадан балаға жалғасқан қолөнер дәстүрінің, халықтың тұрмыс-тіршілігі мен эстетикалық талғамының көрінісі. Сатылым көрмесінде қазақ халқының ұрпақ тәрбиесіндегі қасиетті мұрасы – бесік орын алады.Бесіктің жанында бесік жырларының жинақ топтамасы ұсынылады. Бұл жинақ – ана әлдиін, балаға деген мейірім мен ұлттық тәрбиенің тағылымын дәріптейтін рухани мұра. «Ержеңістің ерекше есептері» кітабының және «Сыр өңірі шеберлерінің қолөнері» атты маркетплейстің таныстырылымы өтеді. Аталған маркетплейс – Сыр бойындағы талантты қолөнершілердің шығармашылығын бір арнаға тоғыстыратын, ұлттық өнер мен заманауи мүмкіндіктерді ұштастыратын онлайн алаң. Маркетплейстен ұлттық нақыштағы зергерлік бұйымдар, қолөнер туындылары, кәдесыйлар, тоқыма және тігін бұйымдары, ағаштан, былғарыдан жасалған өнімдер, ұлттық бұйымдар мен киімдер және басқа да авторлық жұмыстарды сатып алуға болады.
Бір мезетте 12 аспапта ойнайтын Руслан Бурабайдың орындаушылық шеберлігі көрсетіледі. Алаңдағы тағы бір ерекшелік – Қызылорда қаласында өндірілетін шыны әйнекке сурет салу өнерін шебер меңгерген Дәулет Тойшыбайдың ұлттық нақыштағы туындылары. Мөлдір әйнекке көркемдік үйлесім мен ұлттық сипат дарытқан ерекше жұмыстарды көрме барысында тамашалауға болады.
Хаб алаңында Qyzylorda Hub мамандарының AI бағытындағы жобалары және «Qyzylorda» телеарнасының «Syr Travel», «Qyzylorda Expedition», «Құдайы қонақ» секілді креативті бағдарламалары таныстырылады. Екі күн бойы Qazaq Creative Hub алаңында Сыр өңірі әртістерінің АІ-ды ұштастыра отырып дайындаған концерттік бағдарламасы ұсынылады. Жалпы бұл – тек тауарлар мен авторлық туындылардың көрмесі емес. Жоба арқылы Сыр өңіріндегі шығармашылық кәсіп иелерінің еңбегі, олардың қалыптастырған жергілікті брендтері және ұлттық мәдениетті заманауи форматта танытудағы ізденістері көрсетіледі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-cultura-arhiv/press/news/details/1287547?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау