ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҚОҒАМҒА АСА ҚАЖЕТТІ ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚ ИЕЛЕРІ ДАЯРЛАНЫП ЖАТЫР

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жұмысшы мамандықтары бойынша кадр даярлаудың жаңа тәсілдері қаралды. Жиынға бейнебайланыс арқылы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысты.
Үкімет отырысында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту, кадр даярлау ісін еңбек нарығының нақты қажеттіліктерімен үйлестіру, колледждер мен жоғары оқу орындарының әріптестігін күшейту, сондай-ақ цифрландыру мен экономиканың жаңа бағыттарына қажетті мамандарды даярлау мәселелері талқыланды.
Түркістан облысында бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Өңірдегі 50 колледжде 85 мамандық және 125 біліктілік бойынша 46 мыңнан астам студент білім алуда. Оның ішінде 16 125 студент, яғни 35 пайызы жұмысшы мамандықтарын меңгеріп жатыр. Кәсіпорындар мен инвестициялық жобалардың қажеттілігі ескеріле отырып, 2026-2027 оқу жылына 15 600 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысы қарастырылған. Оның 7 840-ы инженерлік бағыттарға, 2 685-і ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласына бөлінген.
Колледждердегі оқу мазмұны жұмыс берушілермен бірлесіп жаңартылып жатыр. Осыған дейін 171 оқу бағдарламасы жаңартылып, жаңадан 5 мамандық пен біліктілікке лицензия алынды. Сонымен қатар 26 жаңа оқу бағдарламасы әзірленді. Бүгінде 85 мамандық бойынша 427 оқу бағдарламасы жүзеге асырылуда.
Еңбек нарығындағы жаңа талаптарға сәйкес пилотсыз ұшу аппараттарын басқару, жылыжай шаруашылығы, ғимараттарды жобалау мен пайдаланудың автоматтандырылған жүйелері, су шаруашылығы сияқты жаңа мамандықтар енгізілуде. Қысқа өндірістік модульдер, цифрлық жабдықтармен және жасанды интеллект құралдарымен жұмыс істеу дағдылары да оқу процесіне енгізіліп жатыр.
Жұмысшы кадрларды тікелей өндірісте даярлауға ерекше мән берілуде. Қазіргі таңда 36 колледжде дуальды оқыту ұйымдастырылып, 718 кәсіпорынмен келісім жасалған. Нәтижесінде 12 293 студент өндірістік практикамен қамтылды. Мемлекеттік колледждерде 8 442 студент дуальды білім алуда, бұл олардың жалпы санының 38,7 пайызын құрайды.
Кәсіби дағдыларды тәжірибе жүзінде бағалау мақсатында 31 колледжде қорытынды емтихандар WorldSkills стандарттары бойынша демонстрациялық форматта өткізілуде. Бұл тәсіл студенттердің теориялық білімін нақты өндірістік дағдыларымен ұштастырып, кәсіби біліктілігін көрсетуге мүмкіндік береді.
2026 жылы облыста 13 223 түлектің оқуын аяқтайды. Олардың жұмыспен қамтылу көрсеткішін 83 пайызға жеткізу жоспарланған. Салыстырмалы түрде, 2025 жылы 12 619 түлектің 10 219-ы жұмыспен қамтылып, көрсеткіш 81 пайызды құраған.
Жалпы, Түркістан облысында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін еңбек нарығының сұранысына бейімдеу, жұмыс берушілермен байланысты күшейту және заманауи өндірістерге қажетті білікті мамандар даярлау бағытындағы жұмыстар жалғасады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1287924?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version