Жұмыссыз қалу – адам өміріндегі күрделі кезеңдердің бірі. Мұндай жағдайда мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетілетінін білу маңызды.
Қазақстанда азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің бірқатар шаралары бар. Олардың қатарында жұмыс іздеуге көмек көрсету, кәсіптік оқыту, субсидияланатын жұмыс орындарына орналастыру, сондай-ақ тиісті құқығы болған жағдайда жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем тағайындау қарастырылған.
Алғашқы қадам – жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркелу. Мұны тұрғылықты жеріңіздегі Мансап орталығында, электрондық үкімет порталы немесе Enbek.kz арқылы жасауға болады.
Тіркелгеннен кейін Мансап орталығы азаматтың кәсібін, жұмыс тәжірибесін, біліктілігін, қалаған жалақы деңгейін және басқа да талаптарын ескере отырып, лайықты бос жұмыс орындарын ұсынады.
Егер әзірге лайықты жұмыс табылмаса, азамат жұмыссыз ретінде тіркеліп, оған қосымша қолдау шаралары ұсынылады. Олардың қатарында жаңа мамандық алу үшін кәсіптік оқудан өту, субсидияланатын жұмыс орындарына орналасу және жұмысқа орналасуға мүмкіндік бар өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару бар.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан және тиісті құқығы бар азаматтарға жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем көзделген. Пилоттық жоба аясында 2026 жылғы 1 қазаннан бастап бұл төлем үш айға дейінгі мерзімге тағайындалады.
Төлем мөлшері азаматтың орташа айлық табысына және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу ұзақтығына байланысты.
Қолдау бос жұмыс орнын ұсынумен ғана шектелмейді. Азамат жұмысқа орналасқаннан кейін де Мансап орталығы оның жұмыспен қамтылу жағдайын бақылауды жалғастырады. Негізгі мақсат – адамға жай ғана жұмыс тауып беру емес, оның тұрақты жұмыспен қамтылуына жағдай жасау.
Осылайша, жаңа жұмысқа орналасу бірнеше кезеңнен тұрады: жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркелу, бос жұмыс орындарын іріктеу, қажет болған жағдайда қосымша қолдау алу және жұмысқа орналасу.
▶️ Жұмыс іздеудің әр кезеңі және мемлекет ұсынатын қолдау шараларын пайдалану тәртібі туралы толығырақ бүгінгі бейнематериалдан біле аласыздар.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-enbek/press/news/details/1287907?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау