№2 ОҚУШЫЛАР САРАЙЫНДА «АШЫҚ ЕСІК КҮНІ» ӨТІП ЖАТЫР

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Шымкент қаласы Білім басқармасына қарасты №2 Оқушылар сарайында ата-аналар мен балаларға арналған «Ашық есік күні» өтіп жатыр. Іс-шараның басты мақсаты – келушілерді қосымша білім беру ұйымының мүмкіндіктерімен таныстырып, балалардың қызығушылығы мен қабілетіне сай үйірме таңдауына жағдай жасау.

«Ашық есік күні» аясында келушілер үйірмелердің жұмысымен танысып, шеберлік сабақтары мен шығармашылық жұмыстарды тамашалауда. Сонымен қатар түрлі бағыттағы сабақтардың ерекшеліктері таныстырылып, ата-аналарға үйірмелерге қабылдау тәртібі түсіндірілуде.

Үш жыл бұрын ашылған №2 Оқушылар сарайы 5 мың оқушыға арналған. Қазіргі таңда мұнда 52 бағыт бойынша 5 пен 16 жас аралығындағы 4 880 бала қосымша біліммен қамтылған.

Үйірмелерге қабылдау толықтай онлайн форматта жүзеге асырылады. Ата-аналар өтінішті «Миндаль 24» платформасы арқылы бере алады. Платформада бос орындар туралы ақпарат көрсетіледі. Егер үйірмеде орын болмаса, кезекке тұруға мүмкіндік қарастырылған.

Онлайн өтініш беруге мүмкіндігі жоқ ата-аналар Оқушылар сарайына келіп, қызметкерлердің көмегіне жүгіне алады. Бүгінгі «Ашық есік күнінде» мамандар ата-аналарға қабылдау тәртібін жан-жақты түсіндіріп жатыр.

Бұл мүмкіндікті пайдаланған ата-аналардың бірі – Гүлжаз Мұсаева. Ол 8 жастағы баласын каратэ үйірмесіне қатыстырғысы келеді.

– Баламды каратэге беруді бір жыл бұрын ойлағанмын. Бірақ сәті түспей жүрді. Бүгін осы іс-шараға келіп, барлық қажетті ақпаратты алып, баламды каратэ үйірмесіне жаздырдым, – дейді ол.

Оқушылар сарайында спорттық бағыттағы үйірмелерге қызығушылық жоғары. Мекеме директоры Данияр Егізбаевтің айтуынша, ғылыми бағыттағы сабақтарға сұраныс салыстырмалы түрде төмен. Осы бағыттағы үйірмелерге балаларды көбірек тарту мақсатында мекеме қызметкерлері мектептерде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, бейнероликтер әзірлеп, білім беру ұйымдарының басшылығына жолдап келеді.

– Мектепте теориялық білім берілсе, бізде оның тәжірибелік жағын меңгеріп, қолмен ұстап, жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Ғылыми бағытта Шымкент қаласында баламасы жоқ жобаларымыз да бар, – дейді №2 Оқушылар сарайының директоры Данияр Егізбаев.

Оқушылар сарайындағы сұранысқа ие бағыттардың бірі – қолөнер үйірмесі. Оның жетекшісі Салтанат Карибаева мекеме ашылғаннан бері осы бағытта жұмыс істеп келеді. Қазір ол сабақ беретін алты топта 8-16 жас аралығындағы 60 қыз бала білім алады.

– Қолөнерде түрлі материалдармен жұмыс істейміз. Оқушыларым түрлі марапаттарға ие болған. Атап өтетін болсам, Вице-министрден алған марапаттарымыз, халықаралық деңгейдегі жүлделеріміз бар. «Атадан мұра» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жыл сайын конкурс өткізіледі. Жүлде қоры – 250 мың теңге. Соңғы үш жыл қатарынан менің оқушыларым жеңімпаз атанды, – дейді Салтанат Карибаева.

Қосымша білім беру мекемесінің оқушылары спорттық және шығармашылық бағыттармен қатар, өнер саласында да жоғары нәтиже көрсетіп жүр. Осы ретте, заманауи би үйірмесіне қатысушы Мерей Сүндет өз тобының жетістіктерімен бөлісті. Оның айтуынша, өзі осы үйірмеге қатысып келе жатқанына бір жылдан астам уақыт өткен. Тобында 20-ға жуық қыз бар. Биші қыздар Түркістан қаласында өткен республикалық байқауда екі рет Гран-при иеленген.

Осылайша, «Ашық есік күні» ата-аналар мен балаларға Оқушылар сарайындағы үйірмелердің мүмкіндіктерін көріп, өздеріне қажетті бағытты таңдауына мүмкіндік беріп отыр. Айта кетейік, аталған іс-шара кешкі сағат 17:00-ге дейін жалғасады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-ishki-sayasat/press/news/details/1288627?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version