Қолжетімді әлеуметтік, көліктік және инженерлік инфрақұрылым қалыптастыру – мемлекеттік әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Негізгі мақсат – әр адамның денсаулық жағдайына қарамастан білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт нысандарына және мемлекеттік қызметтерге кедергісіз қол жеткізуіне жағдай жасау.
Осы мақсатта Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау» ақпараттық порталы – Инваговты іске қосты.
Портал арқылы мүгедектігі бар адамдар Қазақстан бойынша әлеуметтік маңызы бар нысандардың қолжетімділігі туралы ақпаратпен танысып, өзіне қажетті нысанды алдын ала таңдай алады.
Нысандардың қолжетімділігі 6 негізгі критерий бойынша бағаланады:
🔹 кіреберіс тобы;
🔹 қозғалыс жолдары;
🔹 қызмет көрсету аймағы;
🔹 санитариялық-тұрмыстық үй-жайлар;
🔹 ақпараттандыру және телекоммуникация құралдары;
🔹 объект аумағы.
Бағалау нәтижесінде нысандар «қолжетімді», «ішінара қолжетімді», «қолжетімсіз» және «мәліметтер жоқ» деген төрт санатқа бөлінеді.
Порталда нысандар туралы ақпаратты қарап қана қоймай, тіркелген пайдаланушылар олардың бейімделу сапасын бағалап, пікір қалдырып, фотосуреттер жүктей алады.
Сонымен қатар Инваговтың интерактивті картасында «Санаторийлер» жеке санаты енгізілген. Бүгінде картадан Қазақстан бойынша 168 санаторий-курорттық ұйым туралы ақпарат алуға болады. Оның 114-і немесе 67%-ы Әлеуметтік қызметтер порталының өнім берушілері болып табылады.
Санаторийлерді көру, есту қабілеті бұзылған, тірек-қимыл аппараты бұзылған және кресло-арбамен жүріп-тұратын адамдар үшін қолжетімділігі бойынша іздеуге мүмкіндік бар.
Ал 2026 жылға арналған жоспар бойынша Интерактивті қолжетімділік картасына енгізілген нысандардың 80%-ын бейімдеу көзделген.
Қазіргі таңда Шымкент қаласында 2 380 нысанның 1 774-і толық қолжетімді, яғни бұл – 74%.
Қолжетімді орта – бұл тек заң талаптарын орындау емес. Бұл – әр азаматтың қоғам өміріне толыққанды қатысуына, білім алуына, еңбек етуіне, медициналық көмек пен мемлекеттік қызметтерді кедергісіз алуына мүмкіндік беретін маңызды жағдай.
Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Мәлімет сағатын жүргізген – Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау бөлімінің бас маманы Шапиева Мадина Нұрланқызы.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-shymkent/press/news/details/1288518?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау