Қарағанды облысында заманауи «ЖанаLAB» зертханалық-талдау кешені іске қосылды. Оның жобалық қуаты жылына 200 мыңға дейін сынама өңдеуге мүмкіндік береді. Бұл ірі геологиялық барлау және тау-кен өндіру жобаларын қажетті талдау базасымен қамтамасыз етуге жол ашады.
Жобаны Solidcore Resources компаниясы «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағының аумағында жүзеге асырды. Зертхана Солтүстік Балқаш өңіріндегі геологиялық барлау жобалары аясында кеннің геологиялық сынамалары мен керндік материалдарын дайындауға және зерттеуге арналған.
Кешенді құруға шамамен 9 млрд теңге инвестиция салынды.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жаңа кешен өңірдің технологиялық инфрақұрылымының маңызды бөлігіне айналатынын атап өтті.
– Мұнда геологиялық сынамалар мен керндік материалдарды дайындаудан бастап, талдау жұмыстарын жүргізу және алынған нәтижелерді кәсіби тұрғыда интерпретациялауға дейінгі толық зерттеу циклі қалыптастырылған. Бұл жай ғана заманауи жабдық емес, әр кезеңде сапалы нәтиже алуға мүмкіндік беретін тұтас технологиялық тізбек. Сонымен қатар зертхана жаңа жұмыс орындарын ашып, мамандарды даярлауға мүмкіндік береді. Өңірге салынған инвестициялар жаңа өндірістерді іске қосып қана қоймай, экономиканың одан әрі дамуына да ықпал етуі маңызды, – деді өңір басшысы.
Жобаны жүзеге асыру үшін Қарағандының таңдалуына оның Қазақстанның орталық бөлігінде орналасуы, дамыған көлік-логистикалық инфрақұрылымы және компанияның негізгі геологиялық барлау жобаларына жақындығы себеп болды. Өңірдің кадрлық әлеуеті де тағы бір артықшылық ретінде ескерілді.
Зертханада шамамен 150 тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланған. Қазірдің өзінде мұнда 115 адам еңбек етеді.
«ЖанаLAB» зертханасында зерттеулердің кең ауқымы жүргізіледі. Мамандар пайдалы қазбалардың элементтік құрамын және сипаттамаларын анықтап, спектрлік, химиялық және фазалық талдаулар жүргізе алады. Бұл жекелеген элементтердің құрамын анықтауға және олардың кен құрамында қандай түрде кездесетінін белгілеуге мүмкіндік береді.
Кешен АҚШ, Германия, Аустралия және басқа да елдердің жетекші өндірушілері шығарған жоғары дәлдіктегі жабдықтармен жарақтандырылған.
Solidcore Resources компаниясының бас атқарушы директоры Виталий Несис геологиялық зертхананың іске қосылуын компанияның стратегиялық инвестициясы деп атады. Бұл Қазақстандағы алғашқы осындай кешен және әлемдік озық деңгейдегі талаптарға толық сәйкес келеді. Кәсіпорын цифрландыру мен автоматтандырудың заманауи стандарттарына сай жұмыс істеп, өндірістік процестерде жасанды интеллект технологияларын кеңінен қолдануға негізделеді.
– Зертхананың арқасында кен денелерін бағалау дәлдігін арттырып, тау-кен жұмыстарын жоспарлау тиімділігін жақсартамыз. Сынамаларды іріктеуден бастап қорларды растауға дейінгі барлық кезеңде геологиялық барлау деректерінің сапасын бақылауды күшейтіп, талдау мерзімдерін қысқартамыз, – деп атап өтті Виталий Несис. Зертхананың стратегиялық маңызы тек компаниямыз бен Қарағанды облысы үшін ғана емес, тұтастай ел үшін де айрықша. Жоба Мемлекет басшысының алдына отандық өнеркәсіптің алдына қойып отырған ұзақ мерзімді стратегиялық мақсаттарына толық сәйкес келеді. Кешен минералдық-шикізат базасы нысандарын жедел игеріп, пайдалануға беруге ықпал етеді. Сонымен қатар бұл жоба компаниямызға және жалпы тау-кен өндіру саласына шикізатты Қазақстан аумағында барынша терең өңдеу деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта «ЖанаLAB» ГОСТ ISO/IEC 17025 талаптарына сәйкестігін растауды және ILAC MRA шеңберінде аккредиттеуден өтуді жоспарлап отыр. Бұл жүргізілген сынақтардың нәтижелерін халықаралық деңгейде мойындауға мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1288367?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау