Елорданың Алматы ауданында қалалық ортаны жақсарту және абаттандыру сапасын арттыруға бағытталған жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Негізгі бағыттарға аулаларды жаңарту, инфрақұрылым нысандарын қалпына келтіру, қоғамдық кеңістіктерді жөндеу, көгалдандыру және санитарлық тазалықты сақтау жұмысы кіреді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Аудан аумағында барлығы 300-ден астам аула бар. Олардың басым бөлігі абаттандырылған.
Биыл 27 аулада кешенді абаттандыру жұмысы жүргізілді.
Тұрғындардың iKOMEK 109 платформасы арқылы жолдайтын өтініштерін қарау да негізгі бағыттардың бірі болып қала береді.
Тұрғындардың өтініштері негізінде биыл 75 аулада жөндеу және қалпына келтіру жұмысы жүргізілді. Атап айтқанда, балалар ойын және спорт алаңдары қалпына келтірілді.
Сонымен қатар 12 нысанда қоғамдық кеңістіктер қайта жаңартылып, жаңа орындар ашылды. Бұл жұмыс аумақтардың функционалдығы мен тартымдылығын арттыруға, сондай-ақ тұрғындардың демалып, уақыт өткізуіне қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Ауданды көгалдандыру бойынша жүйелі жұмыс та жалғасып жатыр. Жыл басынан бері мұнда 1 309 ағаш, 12 448 көпжылдық және 194 779 біржылдық гүл, 18 890 сәндік-гүлді бұта отырғызылды. Сонымен қатар 6 000 шаршы метр аумаққа көгал себілді.
Көгалдандыру және абаттандыру жұмысы жүріп жатыр. Жүргізіліп жатқан шаралар Алматы ауданындағы аулалардың, қоғамдық кеңістіктер мен қалалық инфрақұрылым нысандарының жағдайын кезең-кезеңімен жақсартуға, сондай-ақ аудан тұрғындары үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астананың қалалық инфрақұрылымын дамыту, абаттандыру және көгалдандыру бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастыруды тапсырған болатын. Қазір елорданың барлық алты ауданында абаттандыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Соңғы жылдары Астанада 500-ге жуық қоғамдық және аула кеңістігі абаттандырылды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1289173?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау