Мектеп сөмкесін таңдау: бала денсаулығы үшін маңызды талаптар

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Мектеп сөмкесін таңдау — тек оның ыңғайлылығы мен сыртқы келбетіне байланысты мәселе емес. Дұрыс таңдалмаған немесе шамадан тыс ауыр сөмке баланың омыртқасына түсетін жүктемені арттырып, дене қалпының бұзылуына әсер етуі мүмкін.

Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ата-аналарға мектеп сөмкесін сатып алу кезінде мына талаптарға назар аударуды ұсынады.

1. Ең алдымен, таңбалануына назар аударыңыз.
Бұйымда оның мақсаты мен пайдаланушының жасы туралы нақты ақпарат көрсетілуі тиіс. Мысалы: «мектепке арналған», «6+». Балаларға арналған өнімнің техникалық регламент талаптарына сәйкестігін растайтын құжаты болуы қажет. Сатып алушының талабы бойынша сатушы мұндай құжатты ұсынуға міндетті.

2. Сөмкенің салмағын тексеріңіз.
ТР ТС 007/2011 талаптарына сәйкес, бос мектеп сөмкесінің (ранец, портфель) салмағы:

* бастауыш сынып оқушылары үшін — 700 грамнан аспауы тиіс;
* орта және жоғары сынып оқушылары үшін — 1000 грамнан аспауы тиіс.

Сөмкенің өзі неғұрлым жеңіл болса, оған оқулықтар мен оқу құралдары салынғаннан кейін балаға түсетін жүктеме де соғұрлым аз болады.

3. Арқалығы мен иықбауларына мән беріңіз.
Бастауыш сынып оқушылары үшін қатты әрі пішінін сақтайтын арқалығы бар, баланың арқасына тығыз орналасып, жүктемені біркелкі бөлетін сөмкені таңдаған жөн. Иықбаулары берік, ұзындығы реттелетін және жұмсақ, ауа өткізетін материалмен қапталған болуы қажет.

4. Жолдағы қауіпсіздікті ұмытпаңыз.
Мектеп сөмкесінің алдыңғы және бүйір беттерінде, сондай-ақ жоғарғы қақпағында жарық шағылыстыратын элементтер болуы тиіс. Бұл әсіресе күз-қыс мезгілінде, балалардың мектепке қараңғы уақытта барып, қайтатын кездерінде өте маңызды.

Сонымен қатар, сөмке жеңіл әрі берік материалдан жасалып, мүмкіндігінше су өткізбейтін қабаты болуы және тазалауға ыңғайлы болуы керек.

Құрметті ата-аналар! Мектеп сөмкесін таңдағанда оның дизайны мен бағасына ғана емес, ең алдымен баланың қауіпсіздігіне, сапасына және белгіленген талаптарға сәйкестігіне назар аударыңыздар. Баланың дене қалпын дұрыс қалыптастыру күнделікті қарапайым әдеттерден басталады. Солардың бірі — балаға сай әрі дұрыс таңдалған мектеп сөмкесі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-akmolinsk/press/news/details/1289088?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version