Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасы мұнаралы крандарды пайдаланатын кәсіпорын басшыларымен және өндірістік бақылауға жауапты мамандармен жұмыс кеңесін өткізді.
Кездесуде жүк көтергіш механизмдерді уәкілетті органда есепке қою тәртібі, олардың техникалық жай-күйіне жүйелі бақылауды ұйымдастыру, сондай-ақ белгіленген қызмет мерзімін өткерген жабдықты ары қарай пайдалану мүмкіндігін анықтау үшін сараптамалық тексеру жүргізу қаралды. Бұдан бөлек, крандарды жұмысқа қосар алдында статикалық және динамикалық сынақтарды қамтитын міндетті толық техникалық куәландыру қажеттілігі баса айтылды.
Бақылау шараларының ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін қатысушыларға тексеру кезінде инспекторлардың дербес бейнетіркегіштерді міндетті түрде пайдалану қағидалары түсіндірілді. Кеңес қорытындысы бойынша ұйым басшыларына өндірістік жарақаттануға жол бермеу, апаттардың алдын алу және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау бойынша хаттамалық тапсырмалар берілді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kpb/press/news/details/1288621?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау