Қатты тұрмыстық қалдықтар (ҚТҚ) — тұтынушылық қасиеттерін жоғалтқан, әрі қарай пайдалануға жарамсыз тамақ өнімдері, тұрмыстық заттар мен тауарлар.
ҚТҚ-ны жинау, тасымалдау, сақтау, залалсыздандыру және көму жұмыстары санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес мамандандырылған ұйымдармен жүзеге асырылады.
Елді мекендерде қалдықтарды жинауға арналған арнайы алаңдар жабдықталады. Олар қатты жабынмен қапталып, үш жағынан қоршалуы тиіс. Контейнерлердің қақпағы болуы және тұрғын үйлерден, қоғамдық ғимараттардан, балалар мен спорт алаңдарынан, сондай-ақ халықтың демалыс орындарынан кемінде 25 метр қашықтықта орналасуы қажет.
ҚТҚ уақытылы шығарылуы тиіс: жылдың жылы мезгілінде — күн сайын, салқын мезгілінде — үш күнде кемінде бір рет. Қалдықтарды жинау және тасымалдау жұмыстарын жүргізетін қызметкерлер арнайы киіммен, аяқ киіммен және жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілуі қажет.
Жиналған ҚТҚ арнайы полигондарға жеткізіледі. Полигондар елді мекендерден тыс, халық жаппай демалатын орындардан, су басу және тасқын қаупі бар аумақтардан алыс орналасуы тиіс. Полигон қоршауынан елді мекенге дейінгі санитариялық-қорғаныш аймағының қашықтығы кемінде 1000 метр болуы қажет. Полигон аумағында ҚТҚ-ны жағуға, сондай-ақ биологиялық қалдықтарды, оның ішінде жануарлардың өлекселерін, көңді және тұтас ет қалдықтарын орналастыруға жол берілмейді.
Қалдықтарды уақтылы шығармау және контейнерлердің толып кетуі жағымсыз иістің пайда болуына, кеміргіштер мен жәндіктердің көбеюіне, сондай-ақ жұқпалы аурулардың таралу қаупінің артуына әкелуі мүмкін.
ҚТҚ-ны жинау, уақытылы шығару және кәдеге жарату бойынша санитариялық талаптарды сақтау — қоршаған ортаны қорғаудың және халық денсаулығын сақтаудың маңызды шарасы. Елді мекендердің тазалығы тұрғындардың, коммуналдық қызметтердің және мамандандырылған ұйымдардың ортақ жауапкершілігіне байланысты.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-akmolinsk/press/news/details/1289067?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау