Құрметті Қарасай ауылдық округінің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері!

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Құрметті Қарасай ауылдық округінің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері!

Қарасай ауылдық округінің ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлеріне жүргізілген топырақ зерттеуінің нәтижелері бойынша жер пайдаланудың аумағында кең таралған қарапайым қара топырақты, орташа қуатты топырақтардың жоғарғы қарашірінді-жинақтаушы қабатындағы органикалық заттардың мөлшері төмендегені анықталды.

Бұл жағдай бір агротехнологияның ұзақ уақыт бойы қолданылуымен, технологиялық операциялар жиынтығының аздығымен, сондай-ақ топыраққа органикалық және минералдық тыңайтқыштардың жеткілікті мөлшерде енгізілмеуімен байланысты.

Астық пен мал азығын өндіру көлемін арттырудың негізгі резервтерінің бірі – арамшөптермен күресу. Арамшөптерді жою жөніндегі іс-шаралар кешенінде егіншілік мәдениетін арттыру, ауыспалы егістерді сақтау, топырақты өңдеу және гербицидтерді қолдану шаралары өзара үйлесуі қажет.

Топырақ құнарлылығын арттыратын агротехникалық шаралардың ішінде сүрі жер (пар) маңызды орын алады.

Топырақтағы органикалық заттардың (қарашіріктің) тапшылықсыз немесе оң балансын қамтамасыз ету мақсатында оны жинақтаудың барынша арзан әрі тиімді көздеріне ерекше көңіл бөлу қажет:

  • ұсақталған сабанды алқаптарда қалдыру;
  • көпжылдық шөптердің, әсіресе бұршақ тұқымдас және астық тұқымдас дақылдар қоспаларының егіс алқаптарын кеңейту;
  • органикалық тыңайтқыштарды өндіру, сақтау және топыраққа енгізу әдістерін жетілдіру;
  • өсімдіктерді жеткілікті қоректендіруді қамтамасыз ететін мөлшерде, топырақтың ластануына жол бермей, минералдық тыңайтқыштарды енгізу;
  • ғылыми негізделген, қарашірікті сақтайтын ауыспалы егістерді сақтау;
  • қарқынды егіншілікті топырақты қорғауға бағыттау;
  • аралық дақылдарды кеңінен пайдалану және олардың бір бөлігін жасыл тыңайтқыш ретінде топыраққа сіңіру;
  • топырақты ұтымды өңдеу, минималды және нөлдік өңдеу технологияларын толық меңгеріп, кеңінен қолдану.

Органикалық тыңайтқыштар топырақтағы қарашірік мөлшерін арттыру және оның құрылымын жақсарту мақсатында енгізіледі. Органикалық тыңайтқыштарды енгізудің ең төменгі мөлшері – 15–20 т/га.

Фосфор тыңайтқыштарын енгізудің ең тиімді орны – сүрі жер алқабы. Оларды негізгі топырақ өңдеу кезінде 90–120 кг әсер етуші зат (ә.е.з.)/га мөлшерінде бес және алты танапты ауыспалы егістің бір айналымында бір рет енгізу ұсынылады.

Азот тыңайтқыштары тек көктемгі кезеңде енгізіледі. Топырақта азот пен фосфор мөлшері төмен болған жағдайда тұқым себу кезінде гектарына 20–25 кг әсер етуші зат (ә.е.з.) азот тыңайтқышын және 15–20 кг әсер етуші зат (ә.е.з.) фосфор тыңайтқышын енгізу ұсынылады.

Жер заңнамасының ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалану және қорғау талаптарын сақтау мақсатында жоғарыда көрсетілген, топырақ құнарлылығын сақтауға және арттыруға бағытталған ұсынымдарды орындау бойынша тиісті шаралар қабылдау және олардың тиісінше орындалуын қамтамасыз ету қажет.

Ұсынылған іс-шараларды жүзеге асыру қарашірік мөлшерінің одан әрі төмендеуіне жол бермеуге, топырақ құнарлылығын сақтауға және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды әрі тұрақты пайдалануды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-akkol/press/news/details/1289112?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version