ТАЗАЛЫҚ – ТАЛАП ПЕН ЖАУАПКЕРШІЛІКТЕН БАСТАЛАДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ауыл тазалығы – сол елді мекендегі тұрғындардың мәдениеті мен жауапкершілігінің көрінісі. Күре жолдың бойында орналасқан, аумағы ауқымды Төрткүл ауылдық округі үшін тазалық мәселесі қашанда маңызды.
Бүгін Төрткүл ауылындағы мәдениет үйінде аудан әкімі Азат Оралбаевтың қатысуымен ауқымды жиын өтіп, тазалыққа қатысты мәселе кеңінен талқыланды.
«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы басқосуға Төрткүл, Қарақұм, Жеңіс және Бөген ауылдық округтерінен келген тұрғындар, ауыл ақсақалдары мен белсенді азаматтар, аудан әкімінің орынбасары, аудандық полиция бөлімінің басшысы Нүркен Сарыпбеков, аппарат басшысы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, “Ордабасы оттары” газетінің басшысы мен жауапты сала мамандары қатысты.
Жиында тазалық мәселесіне тек атқарылған жұмыстар тұрғысынан емес, тұрғынның жеке жауапкершілігі тұрғысынан қарау қажеттігі айтылды. Себебі көшені тазалау – бір бөлек, сол тазалықты сақтап қалу – одан да маңызды.
Аудан басшысы Азат Оралбаев ауыл тазалығын қамтамасыз етуде әкімдік пен арнайы қызметтермен қатар, тұрғындардың белсенділігі шешуші рөл атқаратынын атап өтті.
«Бұл жиынды жай ғана түсіндіру деп қабылдаңыздар. Ауылдың тазалығы өз қолымызда. Сырттан келіп ешкім біздің ауылды шашып кетпейді. Өз ауылымызды өзіміз таза ұстауымыз керек. Ақсақалдар, ауыл билері, белсенді азаматтар мен жастар осы іске жұмылса, нәтижесі міндетті түрде болады», – деді аудан әкімі.
Аудан басшысы тазалықты ынталандыру мақсатында ауылдар арасында «Таза ауыл» байқауын өткізуді ұсынды. Жеңімпаз атанған елді мекен тұрғындарының нақты сұранысын зерделеп, қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ тазалық пен қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысқан азаматтарды жыл қорытындысымен «Жыл үздігі – белсенді азамат» марапатына ұсыну мүмкіндігін атап өтті.
Бұл бастама тұрғындар тарапынан қолдау тапты. Жиында ауыл азаматтары өз ұсыныстарын ортаға салып, тазалық жұмыстарын өз ауылдарынан бастап, елді мекенді абаттандыруға бірлесіп атсалысуға дайын екендерін білдірді.
Жиында аудан әкімінің орынбасары аудан көлеміндегі тазалық жұмыстары жөнінде баяндап, Telegram-бот арқылы келіп түскен өтініштер мен спутниктік бақылау арқылы анықталған мәселелерді слайд арқылы көрсетті. Ал полиция өкілдері шілде айында күшіне енген тазалық талаптарына тоқталып, белгіленген нормаларды бұзған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын түсіндірді.
Төрткүл ауылдық округінің әкімі округтегі атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды таныстырды. Аталған округке қарасты 10 елді мекенде 117 көше, 9 балалар ойын алаңы, 5 спорт алаңы, 4 парк, сквер және аллея бар. «Таза Қазақстан» акциясы аясында жыл басынан бері 54 сенбілік өткізілген.
Тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын жедел қабылдау бойынша Telegram-бот арқылы 52 өтініш, «iKOMEK 109» жедел желісі арқылы 27 өтініш тіркеліп, тиісті жұмыстар жүргізілген.
Жиында айтылған басты мәселе – тазалықты тек тазалап қою жеткіліксіз. Ең маңыздысы – оны сақтайтын ортақ мәдениет қалыптастыру.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-ordabin-audany/press/news/details/1288801?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version