Бүгін Түркістан облыстық мәслихатының әлеуметтік-мәдени даму, мемлекеттік-құқық, жергілікті өзін-өзі басқару және депутаттық этика мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті.
Тұрақты комиссия отырысына Алмас Салимов төрағалық етті.
Комиссия отырысына Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, облыс әкімінің орынбасарлары Қанат Қайыпбек, Еркебұлан Дауылбаев, тұрақты комиссия мүшелері Ғалымжан Елшібай, Жанар Темірбекова, Қайрат Салыбек, Бегімбет Байғараев, Уәлихан Рахиев, Бекарыс Шойбеков, Бахыт Басымбек, Мырзахан Манапов, Талғат Садуов, Баймахан Сүлейменов, Ханай Әшірбеков, Жақсыбай Құрақбаев, Жамшидбек Туламетов және күн тәртібіне байланысты шақырылған облыстық басқарма басшылары қатысты.
Тұрақты комиссия отырысында көтерілетін мәселелер өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, қоғамдық қауіпсіздік, білім беру, мәдениет, жер қатынастары және жергілікті басқару бағыттарын қамтыды. Барлық қаралған мәселелер халықтың мүддесі мен өңірдің тұрақты дамуына бағытталған.
Отырыста 14 мәселе қаралды.
Атап айтқанда, Түркістан облысы әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы жөніндегі есебі тыңдалды. Бұл мәселе бойынша экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы К. Жаппар баяндама жасады.
Сонымен қатар, 2026–2028 жылдарға арналған облыстық бюджетке өзгерістер енгізу туралы мәселе қаралып, ол бойынша К. Жаппар баяндама жасады.
Білім беру саласына қатысты Түркістан облысының білім басқармасы басшысының есебі тыңдалды. Баяндаған – облыстық білім басқармасының басшысы Ғ. Орынов.
Төлеби ауданына 2025 жылы республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қаржы туралы ақпаратты Төлеби ауданы әкімінің міндетін атқарушы Б. Жанғазиев таныстырды.
Бұдан бөлек, «Түркістан облысының Құрметті азаматы» атағын беру қағидасына өзгерістер енгізу, Терроризмге қарсы комиссияның дербес құрамы және «Заң және Тәртіп» конституциялық қағидатын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссияның құрамына қатысты мәселелер қаралды. Бұл мәселелер бойынша облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Ә. Бектұрғанов баяндама жасады.
Сауран ауданындағы әкімшілік-аумақтық құрылыс, Арыс қаласының бірқатар көшелеріне атау беру және қайта атау, сондай-ақ тарихи-мәдени ескерткіштерді пайдалануға байланысты жалдау ақысының мөлшерлемелері талқыланды. Аталған мәселелерді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Б. Садықов таныстырды.
Сауран ауданындағы бірқатар елді мекендерді тарату мәселесі бойынша облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Е. Тілеген баяндады.
Әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі үйлестіру кеңесінің құрамына өзгерістер енгізу туралы мәселені облыстық жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы С. Бүрлібаев таныстырды.
Сондай-ақ, «Түркістан облыстық мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту және алдағы кезекті сессияның жұмысшы органдарының құрамына қатысты мәселелер қаралды.
Комиссия отырысында әр мәселе жан-жақты талқыланып, депутаттар тарапынан ұсыныстар мен пікірлер айтылып, қаралған мәселелер мәслихат сессиясының қарауына ұсынылды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-turkestan/press/news/details/1289580?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау