Жол қауіпсіздігі – ортақ жауапкершілік: Балқашта «Жолда қабылдау» акциясы өтті. 27 тамызда жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Балқаш–Қарағанды автожолында «Жолда қабылдау» акциясы ұйымдастырылды. Іс-шараға Балқаш қаласы полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Азамат Сметовтің басшылығымен патрульдік полиция батальонының қызметкерлері және «ҚазАвтоЖол» өкілдері қатысты. Акция барысында полицейлер 60 жеңіл автокөлік пен 20-дан астам жүк көлігін тоқтатып, жүргізушілермен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Оларға жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау, жылдамдық режимін бұзбау, көлік құралын басқару кезінде барынша мұқият әрі жауапты болу қажеттігі түсіндірілді. Жүргізушілерге жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған ескерту үнпарақшалары таратылып, жолдағы қауіпсіздік талаптарын сақтаудың маңыздылығы айтылды. – Жолдағы қауіпсіздік – ең алдымен әр жүргізушінің жеке жауапкершілігі. Бір ғана асығыс шешім немесе жол ережесін елемеу орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін. Сондықтан мұндай акциялардың мақсаты – жүргізушілерді жазалау емес, жолдағы қауіп-қатердің алдын алу, азаматтардың қауіпсіздік мәдениетін арттыру. Әсіресе Балқаш–Қарағанды бағытындағы жолда жүргізушілер жылдамдық режимін сақтап, жол жағдайын ескеріп, алыс сапар кезінде барынша сақ болғаны маңызды. Қауіпсіздік талаптарын сақтау – өз өміріңді ғана емес, жолдағы өзге адамдардың өмірін қорғау», – деді Азамат Сметов. Полиция қызметкерлері жолдағы қауіпсіздікке бағытталған профилактикалық шараларды тұрақты түрде жалғастырады. Құқық қорғау органдары жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жылдамдықты асырмауға, маневр жасау кезінде сақ болуға және жол жағдайына сәйкес қозғалыс жылдамдығын таңдауға шақырады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-karaganda/press/news/details/1289352?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау