Ақтөбе қаласында Қазақстан Республикасы хирургтарының халықаралық қатысумен өтетін «Заманауи хирургияның өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференциясы өтуде. Ауқымды кәсіби алаңға Қазақстанның жетекші хирургтары, трансплантологтары, ғалымдары мен денсаулық сақтау саласының ұйымдастырушылары, сондай-ақ Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан және Беларусь мамандары жиналды. Конференцияның барысында заманауи хирургиялық технологиялар, трансплантологияны дамыту, операциялық емдеудің озық әдістерін енгізу және отандық әрі шетелдік мамандардың арасында тәжірибе алмасу мәселелеріне ерекше назар аударылуда. Конференция жұмысының маңызды бағыттарының бірі – қазіргі медицинаның ең күрделі әрі жоғары технологиялық салаларының бірі болып саналатын трансплантология. Ақтөбе облысының бұл бағытта жетекші мамандармен көпжылдық ынтымақтастық тәжірибесі бар. Конференцияның құрметті қонақтарының қатарында Түркиядан келген профессор Мехмет Хаберал бар. Ол ағзаларды трансплантаттау саласында әлемге танымал маман, Başkent университетінің президенті әрі Жоғары атқарушы кеңесінің төрағасы. Başkent университетімен ынтымақтастық өңірде трансплантологияның дамуына елеулі үлес қосты. 2015 жылы профессор Мехмет Хабералдың жетекшілігімен Қазақстанда балаға алғаш рет бауырды сәтті трансплантаттау операциясы жүргізілді. Сондай-ақ Başkent университетінің мамандары Ақтөбе қаласында Қазақстанда алғаш рет толық лапароскопиялық 3D-технологиямен, қолмен ассистенциясыз донорлық нефрэктомия операциясын өткізуге қатысты. Конференцияның жұмысына медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Медицина ғылымдары академиясының академигі Жақсылық Ақмұрзаұлы Досқалиев та қатысуда. Ол өңірлік трансплантологияның дамуының бастауында тұрған мамандардың бірі. 2014 жылы Ақтөбе қаласында алғашқы бүйрек трансплантаттауын жүргізді. Құрметті қатысушылардың қатарында медицина ғылымдарының докторы, профессор, А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия ғылыми орталығының басқарма төрағасы, Қазақстан Республикасының бас хирургі және бас трансплантологы Болатбек Бимендеұлы Баймаханов та бар. Оның кәсіби қызметі заманауи хирургия мен ағзаларды трансплантаттауды дамытуға, жаңа хирургиялық технологияларды енгізуге және мамандар даярлауға бағытталған. Конференцияға хирургия саласының белгілі халықаралық мамандары да қатысуда. Олардың қатарында Өзбекстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бас хирургі, профессор Миршавкат Акбаров, Қырғызстаннан келген хирург-онколог, профессор Жанек Белеков, сондай-ақ профессор, Беларусь Ұлттық ғылым академиясының академигі Олег Руммо бар, ол Беларусьтегі ағзаларды трансплантаттау заманауи мектебінің негізін қалаушылардың бірі. Конференцияның жұмысына Астана, Алматы, Семей, Қызылорда, Тараз және еліміздің басқа да өңірлерінен жетекші қазақстандық хирургтер қосылды. Әртүрлі хирургиялық мектептердің мамандарын бір алаңға жинау саланың өзекті мәселелерін нақты клиникалық тәжірибе тұрғысынан талқылауға және одан әрі кәсіби ынтымақтастықтың бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді. Конференцияның шеңберінде шетелдік мамандар заманауи хирургиялық әдістер мен практикалық тәсілдерді көрсете отырып, шеберлік операцияларын өткізуде. Мұндай формат дәрігерлерге әріптестерінің жұмысын тікелей бақылауға, операциялық араласулардың техникалық қырларын талқылауға және жетекші хирургиялық мектептердің тәжірибесін меңгеруге мүмкіндік береді. Республикалық конференцияның Ақтөбе қаласында өткізілуі өңірдің елдегі хирургиялық қызметті дамытудағы маңызды рөлін айқындайды. Хирургия және трансплантология салаларындағы тәжірибе алмасу, халықаралық ынтымақтастықты нығайту, кадрлар даярлау және заманауи медициналық технологияларды енгізу ең алдымен Қазақстан халқы үшін жоғары технологиялық медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dsm/press/news/details/1290586?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау